Нұрлан Нығматулин: «Депутаттар шетелде демалып жатқан жоқ, бәрі елде»

Dalanews 29 шіл. 2020 03:28 921

Белгілі қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина депутаттардың жазғы каникул кезінде немен айналысып жүргенін анықтау мақсатында ұйымдастырған мониторингі әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Күні кеше ғана ҚР Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев сенаторлардың не істеп, не қойып жатқаны жайында Фейсбуктағы парақшасында түсініктеме берген еді.

Әшімбаевтың ізін ала ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттарының жазғы каникул кезінде шетелде демалып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарып, ойын ортаға салды.

Төменгі палатаның жетекшісі Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда депутаттар өздерінің аймақтарда жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, ол биыл депуттардың жазғы демалысын қалай өткізіп жатқаны пандамея кезінде жұрттың қызығушылығын оятқанын да атап өтті.

– «Парламенттік каникул» дегеннің аты болмаса, жазда депутаттар өз аймақтарына барып жұмыстарын жалғастырады. Биыл індетке байланысты мәжілісмендердің халықпен кездесуіне шектеу қойылғаны белгілі. Бірақ біздің алыс ауыл-аудандарға барып, ондайғы жағдаймен танысу жұмыстары жалғастырудамыз. Тек халықты жинап, жүздесу өткізбейміз.

Бүгінде депутаттар жергілікті жерлердегі мониторингтік топтармен бірге дәріханалар мен емханаларға барып қоғамдық бақылау жүргізуде. Бұдан басқа аймақтарда дәрі-дәрмектің көлемі мен бағасын да назарда ұстап, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге жағдай жасау мәселесіне де барынша көңіл бөліп отырғанын айтқым келеді.


Сонымен қатар депутаттар гуманитарлық көмектерді жеткізіп, тарату жұмыстарына, волонтерлік орталықтардың жұмысына белсене араласуда. Мұндай қиын кезеңде депутаттар да қарап жатқан жоқ. Елмен бірге қиындықты еңсеруге күш салып жатыр, – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде төменгі палатаның Төрағасы депутаттардың не істеп, не қойып жатқанын Facebook жеке парақшасыдағы жазбаларынан бақылауға болатынын айтты. Сонымен қатар ол депутаттардың түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысып жатқанын да алға тартты.

– Қазір әлеуметтік желіде «депутаттар шетелде демалып жатыр» деген қауесет әңгіме қызу талқыланып жатқанын көрдім. Тіпті, кейбіреулер бұл үшін чартерлік рейс ұйымдастырылды деген жалған ақпарат таратуда. Осы ретте бұл ақпараттардың шындыққа мүлде жанаспайтынын айтқым келеді. Мұндай қауесет әңгімелерге сенбеңіздер!


Барлық депутаттар елде, осындай қиын кезеңде ел азаматтарымен бірге індетпен күресуде. Тіпі, кейбір депуттардың өзі вирус жұқтырып, ауырып қалды. Енді бірі ең жақын адамдарын айырылып, қиындықпен бетпе бет келді. Бірақ әріптестеріміз осындай қиындыққа қарамастан аймақтардағы жұмыстарын жалғастыруда, – деді Нұрлан Нығматулин әлеуметтік желіде таралған әңгімелерді жоққа шығарды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар