Шымкентте Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов аталған дерек бойынша бірқатар полиция қызметкеріне қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтуынша, қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қылмысқа қатысы бар күдіктілер, соның ішінде адам ұрлау дерегімен байланысы бар тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығына қатысты қатаң шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, департамент басшысы мен оның бірінші орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметтерінен босатылған.
Сонымен қатар қылмысты дер кезінде тіркемей, мәжбүрлеп некеге тұрғызу фактісі бойынша күдіктіні жедел түрде жауапкершілікке тарту үшін тиісті шара қабылдамаған полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған істі министрліктің өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.
