Нұр-Сұлтанда Фариза Оңғарсынованың атына көше берілді

Dalanews 15 қар. 2019 06:25 876

Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың атына елорданың сол жағалауында көшеу атауы берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Ақын атындағы көшені салтанатты түрде ашу рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Фариза Оңғарсынованың ұлы Алмас Оңғарсынов кесті.

– Бүгін міне қазақтың дана қызы, дара қызы Фариза апамыздың атына көше атауы берілді. Біз өткенді ұмытпауымыз керек. Көше атауын беру өскелең ұрпаққа өнеге болудың белгісі. Фариза апамыздың қай өлеңін оқысаңызда өткір, шындықты тіке айтатын ақын екенін байқауға болады. Сол себепті апамыздың шығармалары ерекше есте қалатынымен ерекшеленеді.

Сондай-ақ, ақын мемлекеттік қызмет саласында да табысты еңбек етіп, Парламентте өз орнын айқындап, халық мүддесін қорғай білді. Бұл қызметте халықтың мұңын жоқтап, көп еңбек сіңіргенін жұрттың бәрі біледі.


Сондықтан елордада апамызға көше атауын беру жас ұрпаққа тәрбие берудің үлгісі деп білемін. Фариза апамыздың аты мәңгі өшпесін. Осы көше апамыздың есімімен даңғыл жолға айналсын, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салтанатты ашылу рәсімінде.

Айтулы шараға жазуышылар, қоғам қайраткерлі мен ақынның жақын туыстары қатысты.

Ашылуға келген жазушы және қоғам қайраткері Алдан Смайыл Фариза Оңғарсынова туралы естеліктерімен бөлісті.

– Фариза кең адам еді, мінезі қаттылау болғанымен, жан-жағына жақсылық жасап жүретін шалқар жан еді. Мына көшенің де өзіндей кеңдігін көріп, қуанып отырмыз.

Фариза ақиқаттың ақыны болды, шындықты айтып өтті. Шындықты айтудың өзі – ерлік. Елдің шындығын, елдің мұңын өле-өлгенше күйттеп кетті. Ал қазір Фаризаға деген халықтың шексіз махаббатын көріп жүрміз.


Фариза қазақтың қызы бола отырып, ұлы да бола білген адам. Қазақ өзінің игі жақсыларына ешкімді теңгермейді. Бірақ, Фаризаны Махамбетке теңеді. Мен дәл сондай ұлыларға теңеген басқа қайраткерлерді білмеймін. Фариза өз заманында Махамбеттің орнын жоқтатпаған, соны толтыруға тырысқан ұлы тұлғалардың бірі болды, – деп Алдан Смайыл жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Фариза Оңғарсынованың «Шілде» және «Полдневный Жар» кітаптарының тұсаукесері өтеді. Ал кешкі Жастар театры сахнасында «Фариза» спектаклі қойылады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар