«Нұр Отан» партиясы Байқоңыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхамеджан Болысбектің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшылары ел халқына 24 Жолдауын жариялады.
«Қоғам өзі өмір сүріп жатқан уақыт талабына сай өзгеруі керек. Заманауи қоғам жаңаша ойлауды талап етеді. Егер өткенге көз жүгіртер болсақ, бірінші жолдау 1997 жылы болды.
Содан бері Мемлекет басшылары 24 рет жолдау үндепті. Олардың әрқайсының өз бағыты бар. Биылғы Жолдаудың негізгі бағыты құқықты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Мен қазіргі биліктің ашықтығы, қолжетімділігі мен тиімділігін атап өткім келеді», - деді М.Болысбек.
«Нұр Отан» партиясы Байқоңыр аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мысал ретінде ХҚКО-ның жұмысын оңтайландыру, оның ішінде кез келген мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ онлайн алуға болатынын атап өтті.
Мұхамеджан Болысбек мұнын барлығын тиімді және нәтижелі қызметпен заманауи қоғам құруға деген талпыныспен байланыстырды.
«Президент мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, әлеуметтік қорғау және экономикалық дамуға ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға көп көңіл бөледі. Сондай-ақ ол әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі жолдарын ұсынды. Бұған қоса, Президент митингтерді ұйымдастыру тәртібін жаңғыртуды маңызды деп есептейді. Егер бейбіт шерулер заңды бұзбаса және азаматтарымыздың тыныштығына кедергі келтірмесе, түсіністікпен қарап оны өткізуге арнайы орын бөлу керек, әрі ол қаланың шетінде болмауы тиіс. Шерулер заң шеңберінде өтетін болады», - деді Мұхамеджан Болысбек.
Президент Жолдауында ауыр қылмыс үшін жазаны күшейту, ішкі істер органдарын реформалау және т.б. маңызды мәселелер айтылды. Айта кетейік, 2020 жылы Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы бірқатар жобаларды іске қосады, әрі оған қатысқысы келетіндердің барлығын шақырады.