Отырысқа қатысушылар мектепке баратын ерекше балаларды әдістемелік сүйемелдеу мәселелерін талқылады. Кеңес мүшесі, «Болашақ» қорының басшысы Динара Шайжүнісованың айтуынша, педагог-ассистенттердің шамадан тыс жүктемесі бүгінде түйінді мәселелердің бірі болып отыр.
– Қазіргі таңда олар айына 90 мың теңге жалақыға жұмыс істеп, кем дегенде 2 баланы оқытып, қолғабыс жасайды. Мамандар тұрақтамайтындықтан, балалар оқи алмай, қамқорлықсыз қалады. Осының салдарынан кейде балалар толықтай бір оқу жылы бойы білім ала алмаған жағдайлар да бар. Біздің жобада 300-ге жуық педагог-ассистент жұмыс істейді. Олардың барлығы еңбекақының аздығынан жұмыстан кеткілері келеді, – деді Динара Шайжүнісова.
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сенсек, елімізде мыңға жуық педагог-ассистент жұмыс істейді, қосымша пән мұғалімдері арнайы курстардан өтуде. Ал жалақының төмен болуы олардың біліктілік деңгейіне байланысты көрінеді.
Отырыс барысында кеңес мүшелері интернаттардың да жай-күйін талқылады. Бүгінде елімізде барлығы 577 интернат бар, оларда 147 мыңнан астам бала тұрады. Бұл – көру, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер және дарынды балаларға арналған маманданған, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған интернаттар, мектеп жанындағы интернаттар, мектеп-интернаттар.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева атап өткендей, 2019 жылдың ақпан айында партиялық тыңдауларда Кеңес кейбір интернаттық мекемелеріндегі адам шошырлық жағдай туралы мәселені көтерген болатын. «Nur Otan» араласқаннан кейін ғана 19 интернат жөнделіп, кәріз жүргізілді, жиһаз бен жабдық жаңартылды. Алайда, бұл мәселе барлық интернаттық мекемелердегі балалардың өмірін түбегейлі өзгерту және жақсарту үшін үнемі назар аударуды және жүйелі жұмысты талап етеді.
– Тиісті депутаттық сауал осы жылдың ақпан айында жолданды. Осыған қарамастан, 2 жыл ішінде білім министрлігі тарапынан ешқандай жүйелі іс-қимыл атқарылмады. Білім және ғылым министрлігі еліміздегі балалардың құқықтарын қорғауға жауапты екенін түсіне ме? Біз өңірлік кеңестерден интернаттар бойынша өз бетінше жұмыс жүргізуді, олардың әрқайсысындағы жағдайды жақсарту үшін әкімдіктермен бірлесіп шешім қабылдауды сұрадық. Содан кейін ғана біздің қолымызға қандай интернатта күрделі немесе ағымдағы жөндеу жүргізілгені немесе жүргізілетіні, не қажет екені туралы нақты ақпарат тиді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, ал өңірлік Кеңестер әрбір интернаттағы жағдайды жақсарту бойынша міндеттің орындалуын бақылауға алады. Біздің мақсатымыз – еліміздегі барлық интернаттарды балалардың өмір сүруіне қолайлы ету, – деді ол.
Кеңес мүшелері 534 интернат мекемелеріндегі жағдайды зерттеді. Динара Закиеваның айтуынша, барлық интернаттарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізген жалғыз аймақ – бұл Павлодар облысы. Сондай-ақ, бұл істе Қостанай облысы да алда келеді: облыстағы 36 интернаттық мекеменің 29-ы жөнделген. Соңғы 3 жылда интернаттары мүлдем жөндеу көурмеген Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы жағдай бәрінен нашар.
– Алматы облысында тек 3 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілсе, ал қалған мекемелерде тіпті жоспарланбаған. Түркістан облысында тек 1 мекемеде күрделі жөндеу жүргізілді, бұл – біз барып, мәселе көтерген интернат. Бірақ өңірде бұдан басқа тағы 40 интернат бар. Қарағандыдағы №68 мектеп-интернатында жатақхана мектептің бірінші қабатында орналасқан, мұнда бір бөлмеде 15-тен 25-ке дейін бала тұрады. Осы жағдайға Қарағандыдағы әріптестерімнің назарын аударғым келеді, – деп қосты ол.
Интернат мекемелеріндегі жағдайды жақсарту үшін Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында тиісті жоспарлар жоқ.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бірлескен бұйрық жобасы әзірленген. Оған сәйкес балалардың, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың білім алуға, тамақтануға, тасымалдауға, демалуға құқықтарын сақтау мониторингі мен бақылауы жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске тексеру қорытындылары бойынша шығарылған нұсқамаларды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту құқығын беру бөлігінде түзетулер енгізіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Білім және ғылым министрлігінен 2022 жылы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жоспарланып отырған мекемелердің тізімін, сондай-ақ анықталған проблемаларды, оларды шешу мерзімдері мен жолдарын көрсете отырып, интернаттық мекемелер мониторингінің нәтижелері бойынша есеп беруді сұрады. Сонымен қатар, кеңес мүшелері интернаттық мекемелер бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды ұсынды.