Танымал қарағандылық кәсіпкер Петр Васильченко жол апатынан қаза тапты. Желіде қайғылы оқиға орнынан видео пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видео dorogi_karagandy Instagram-парақшасында пайда болды. Кадрда көлік тиелген Газельдің өртеніп жатқаны, оның жанында кәсіпкер тізгіндеген жеңіл көлік көрінеді, болжам бойынша бұл - Мерседес көлігі.
Жол апаты 23 ақпанда сағат 12:30-да Қарағанды облысындағы Ақшатау ауылынан 10 шақырым жерде болған. Васильченко Mercedes-AMG GLS 63 маркалы автокөлігімен келе жатып, Қарағанды-Балқаш тасжолында Газельмен соқтығысқан. Кәсіпкер оқиға орнында көз жұмды, әйелі ауруханаға жеткізілді. "Газель" толығымен өртеніп кетті.
Васильченко нан және нан өнімдерін шығаратын "Орион" компаниясының иесі болды. Кәсіпкер 2022 жылғы мамырда Ерлан Нығматулиннің ағаларынан "Балқаш Нан" нан өндіретін кәсіпорынды сатып алған еді.