Назарбаевтың Қырымға қатысты пікірі Кремльдің қытығына тиді - сарапшы

Dalanews 13 жел. 2021 08:05 888

Еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың америкалық режиссер Оливер Стоунға берген сұхбатындағы Қырымға қатысты пікірі ресейшіл, Кремль маңайындағы топтың шамына тиді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сол сұхбаттан кейін Ресейдегі ең ірі басылымдардың бірі Lenta.ru "Назарбаевтың отбасы қандай байлыққа ие?" атты материал жариялады.

Елдегі мемлекеттік БАҚ-тың Назарбаев әулетіне қатысты мұндай материал жариялауын Кремльдің пропаганда құралдары Қазақстанға берілген белгі деп топшылайды.

Атауы сөз еркіндігімен байланысты болса да, затында Кремльдің бұйрығына бағынатын “Свободная пресса” (Svpressa.ru) басылымы да соңғы күндері Назарбаевқа тым қатты шүйлігіп жүр. Басылым тілшілері соңғы мәлімдемеден кейін Назарбаев пен Путиннің арасы суып кетті деген болжам жасапты.

Айтуынша, Путиннің маңайы Назарбаевтың неліктен Қырым мен Косованы салыстырғанын түсінбей дал. 


Стоунға берген сұхбатында экс-президент: “Егер біз Қырымды мойындар болсақ, ендеше Абхазияны, Осетияны, Косованы мойындауымызға тура келер еді. Косова да бізден осыны өтініп жүр” деген болатын.

“Қырымның Косоваға қатысы қанша? Назарбаев ойындағысын неше ашып айтпайды? "Қырымдағы халықтың қалауы заңды болды" дейді, бірақ түбектің Ресейге қосылғанын мойындаудан бас тартады. Бәлкім, мұның басқа бір себебі бар шығар…”, – дейді Кремлдің пропаганда құралдары.

Әлгі сұхбаттан кейін Lenta.ru порталының бас бетінде Назарбаевтың шет мемлекеттердегі дүние-мүлкі туралы атышулы мақала жарияланды.

“Экс-президенттің Испаниядағы, Чехиядағы, Ұлыбританиядағы зәулім үйлері мен коттеджерінің құны 800 млн доллардан асып жығылады. Оның туыс-туғандары да шалқып өмір сүреді” деп жазды Lenta.ru.


...

Кремльдің бұйрығымен Қазақстандағы саяси-әлеуметтік ахуалға шолу жасайтын журналист Виктор Шацких “бұрын соңды Ресей БАҚ-тарында мұндай материал жарияланбағанын” айтады.

"Соңғы жылдары Ресейдің Назарбаевқа қатысты көзқарасы күрт өзгерді. Мәскеудің Қазақстанға қатысты саясаты салқындады. Қазақтарға қатысты күдігі көбейді.

80-ші жылдардың орта шенінде орыстар Назарбаев туралы оң көзқараста болды. Осы пікір бертінге дейін өзгермей келген. Экс-президент алысты болжай алатын көреген саясаткер ретінде санада сақталып келді. Орыс халқы Назарбаевты Ресейдің ел басқарған азаматтарына үлгі  қылатын.

Ештеңенің мәңгілік емес екенін ескерсек, бүгінде ол көзқарас мүлдем жойылды. Ал Назарбаев ұзақ жылдар бойы қыруар капиталдан бөлек, біршама танымалдылыққа да ие болды.

Ол өзін әлемдік саясаттың патриархы санайды. Түрік әлемінің көшбасшысы болмаса да, абызымын деп ойлайды. Осы позициясын көршілермен келіссөздер саудаға салуға тырысады.


Lenta.ru-дың мақаласы Назарбаевтың елеусіз, кішігірім елдің жемқорлыққа батқан патшасы екенін көрсетіп берді. Оның үстіне қазір ол – экс-патша. Қазақстан үшін ресейлік басылымдағы мұндай жарияланым әрине бомба", – деп жазды "Свободная пресса".



Ресейдің ақпарат айдынында мұндай мақаланың пайда болуы кездейсоқ емес. Бұл Кремльдің Қазақстанның көпвекторлы саясатынан шаршағанының белгісі ме? Мәскеу Қазақстанды қандай қадам жасауға мәжбүрлемек? Бұған Нұр-Сұлтан қалай жауап қатады?



Кремльге жақын сарапшы Дмитрий Галкиннің айтуынша Назарбаевтың Қырымға қатысты пікірі күлкілі.

“Қырымның Ресейге қосылуын мойындасақ, ендеше Оңтүстік Осетия мен Косовоның тәуелсіздігін мойындауымызға тура келеді деген тұжырымы ақылға сыймайды”, — дейді ол.



Ресейлік басылымға осы төңіректегі пікірімен бөлісіп, сұхбат берген саясаттанушы былай деп көлгірсіпті:

— Әлемде көптеген танылмаған және ішінара танылған мемлекеттер, сондай-ақ даулы аумақтар бар және ешкім оларды бірден тануға міндеттемейді.

Назарбаевтың Қырымды тану мәселесіндегі тайғанақтығы оның отбасы мүшелерінің Батыстағы есеп-шотымен тікелей байланысты.


Қазақстандық элитаның біраз бөлігі Батыстың қаржылық топтарымен ауыз жаласқан, сондай-ақ,  қазақстандық ірі шенеуніктер мен кәсіпкерлер ақшаны Батыс елдеріндегі жылжымайтын мүлікке салады немесе оларды Батыс банктерінде жасырады.

Сондықтан, егер Назарбаев Батыспен қарым-қатынасты шиеленістіретін саясат жүргізе бастаса, бұл Қазақстанның экономикалық элитасының наразылығын тудырар еді.  Өз кезегінде саяси тұрақтылыққа да қауіп төндіреді.

Қазақстан басшылығының сыртқы саяси ұстанымы Назарбаевтың жеке қорқынышы және қалауымен емес, қазақстандық элитадағы, оның ішінде Қазақстанның бұрынғы президенті тікелей сүйенген топтардың көңіл-күйіне байланысты, – дейді Галкин.



Ал әрі қарайғы әңгіме сұхбат түрінде өрбіген.

– Ресей Назарбаевтың көңілжықпас саясатынан шаршағандай болып көрінбей ме? Lenta.ru басылымының Назарбаев әулеті туралы сұрапыл мақала жариялау фактісі осыны меңзеп тұрғандай. Себебі ресейлік БАҚ-та бұрын-соңды мұндай болмады ғой. Бұл белгі ме, әлде Назарбаевтың бұған дейінгі беделін жоғалтқаны ма?

— Назарбаев ұзақ уақыт бойы посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктердің белсенді жақтаушысы болды. Сақ қимылдады, белгілі бір дәрежеде алысты болжаған шешімдер қабылдады.  Бірақ соңғы жиырма жыл ішінде әлемдегі жағдай айтарлықтай өзгергенін ұмытпаңыз.

Қазақстан Қытай тарапының ықпалына көбірек тартылуда,  әсіресе экономика саласында.  Қазақстандық элита өз дербестігін жоғалтудан қауіптенеді. Сол себепті Ресеймен салыстырғанда Қытайға экономикалық және саяси салмақ бола алатын Батыспен қарым-қатынасты нығайтуға тікелей мүдделі.

Қазақстанмен жақын қарым-қатынасқа сенген Ресей басшылығы Қазақстан элитасының «Қытай қаупі» алдындағы қорқынышын есепке алмады, сол себепті де Мәскеу үлкен үміт артқан дүниелер жүзеге аспады.

– Сіздіңше, Ресей одақтас елдердің элиталарына деген көзқарасты қаншалықты өзгерте алады? Айталық, АҚШ "Косованы мойында" десе, онымен одақтас елдер айтқанын екі етпес еді. Біз неге мұндайға жүгінбейміз? Ресей үшін посткеңестік "патшалардың" көп векторлығымен күресудің жолдары бар ма? 

— Батыстағыдай мүмкіндіктерге ие болу үшін – кемі өз ішімізде солармен тең деңгейде қаржылық ресурстар мен экономикалық тартымдылыққа ие болу керекпіз. Ресейде ол жоқ.



Басқа елдердің элиталарын өзіндік идеологиялық жобалардың (Сауд Арабиясы сияқты) немесе жаңа жаһандық экономикалық жүйені құру жоспарының (Қытай сияқты) болуы қызықтырады.

Мұндай жоба-жоспарлар КСРО-да болды, ескеретіні экономикалық жағынан Батыспен салыстырғанда кедей едік.  Бірақ геосаяси әсері Батыспен бірдей еді.

Қазіргі Ресейде мұндай ештеңе жоқ. Кремль жаһандық жобалары мен жоспарларының жоқтығын Батысқа қарсы риториканың көмегімен өтей алмайды. 


—  Кейбір сарапшылардың пікірінше Назарбаевтың Қырымды мойындамауы "бұдан кейін Ресей Қазақстан аумағына тұмсық тығады" деген қауіппен байланысты емес. Авторитарлы билік құрғандықтан да кейбір стратегиялық мәселелерде, соның ішінде жеке басына қатысты түйткілдерде Батыстың қабағына қарауға мәжбүр. Соның ішінде Ұлыбританияның қырын қарауынан қорқады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе? 

– Назарбаев кланының офшордағы есеп-шотқа байланғаны соншалық, ол үшін Ресеймен қарым-қатынастағы басты аргумент – Лондонның ұстанымы.

– Қырымды мойындау – Ресейге адалдықтың белгісі ме, одақтастан мұны талап ете аламыз ба?

— Біз ештеңе талап ете алмаймыз. Ресей одақтастарды өзінен бас тартуға болмайтын жағдайға қоя алады, бірақ ресейлік бюрократия жалғыз қалудан қорыққандықтан одақтастардың асты-үстіне түсті. Олардың көңілін табуға тырысты. Империялық айбынын көрсетуден қаймықты. Осының кесірінен қазіргі ресей элитасынан Қазақстан, Грузия, Молдова, Литва сынды ергежейлі елдердің басшылығы қорықпайды.

– Назарбаев саяси патриарх ретінде өзінің бірқатар мәлімдемесімен болашақ қазақ элитасына өсиет қалдырып жатқан сыңайлы. Мұнда Кремльмен интеграцияны тереңдетуге тікелей тыйым бар ма?

– Ол қазақстандық элитаға өсиет қалдыратындай Мао да, Дэн Сяо Пин де  емес. Заң жағын есепке алмағанда, шындығында ол хан, авторитарлы билеуші.

Иә, Назарбаевтың ұлтқа сіңірген еңбегі аз емес, ол қуатты мемлекет құрды, бірақ оның моральдық бейнесі кемел деуге келмейді. Бұл өз кезегінде  қазақтардың кейінгі ұрпағының оған деген қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. 


Сонымен қатар, әлемде мәңгілік ештеңе жоқ. Бүгінгі Қазақстанға бір бөлек, ал ертеңгі бейнесі мүлде басқа болуы ғажап емес. Сондықтан қазақстандық элитаның позициясы Назарбаевтан кейін кез келген бағытта өзгеруі мүмкін.

– Сіздіңше, «Лентаның» жарияланымы Ресейдің Қазақстанға қатысты ұстанымының өзгергенін білдіруі мүмкін бе?

— Ресейдің тұтастығы жоқ. «Единая Россия» ғана әкімшілік өлі денесімен біртұтас. Бұл партияның еш нәрсеге қатысты саяси ұстанымы жоқ және болуы мүмкін емес. Президент әкімшілігі қайда қараса, партия сонда қарайды.

Өз кезегінде, Ресей Федерациясындағы батыс либералдары Қазақстаннан бір ғана нәрсені күтеді. Ол – Қазақстанның ЕАЭО-дан шығып, Путинді қарғап, орысофобиялық позиция ұстануы…

Ресейлік “сен тимесең, мен тиме” шенеуніктерге келер болсақ, олардың Қазақстанның Ресейден алшақтауы мүлде толғандырмайды. Нұр-Сұлтан тарапы ұйымдастырған кез-келген русофобиялық акцияны, Қазақстандағы кириллицаның жойылуын елемегеніндей жүре береді.

Олардың осындағы орыстілді аудиторияға жаны ашымайды. Қазақстанның элитасы және Назарбаевтың жеке басы жақын жылдары Ресей тарапынан көңіл қалдырарлық әрекет күтпесе де болады.

 – Назарбаев Ресейде 80-ші жылдардан бері жақсы имиджге ие болды. Инерция бойынша, бұл 90-шы жылдарға дейін де жалғасты ма?

— Бәрі салыстырмалы. Назарбаев Горбачевпен, содан кейін Ельцинмен және посткеңестік елдердің басқа көшбасшыларымен салыстырғанда пайдалы көрінді. Бүгінде ол тіпті Путинге қарағанда жақсы көрінеді, бірақ ерте ме, кеш пе, қай халықтың болсын санасы өзгереді, өседі.

Егер Қазақстан болашақта өз егемендігінен айырылып жатса, Қазақстанда бәрі Назарбаевтың кезіндегі «қуатты»  жылдарын еске алып, Елбасының «даналығын» дәріптейтін, өкінішті әндер жазатын болады.

Егер Қазақстан демократиялық даму жолына түссе, көпшілік Назарбаевты жағымсыз жағынан еске алады. Алайда, екіншісінің болуы екіталай…

Әзірлеген, Аяулым ШАЙМАРДАН 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар