Назарбаев: "Ұрпақсыз емеспін, ұлдарым бар..."

Dalanews 30 қар. 2023 05:53 1583

Айдың басында DALA INSIDE телеграм арнасы Нұрсұлтан Әбішұлының көз майын тауысып кітап жазып жатқанын хабарлаған. Арнаға жеткен мәлімет бойынша Назарбаев өзі өмірден өткесін соңынан сөз ергенін қаламаған. Сондықтан осы отыз жылда бастан кешкенін бір кітапқа сыйдыруды жөн санаған.

Экс-президенттің өз қолымен жазылған ең шынайы шығарма қарашаның орта шенінде тәмам болып, әулеттің басқан ізін аңдып отырған аудиторияға жол тартты.

"Менің өмір жолым" деп аталатын кітапта Назарбаев сынаптай сырғып өткен дәуренді ой елегінен өткеріп, ағыл-тегіл ақтарылады.

Саяси айтыс-тартыстан бөлек, жеке өміріне қатысты қым-қуыт оқиғаларды жіпке тізеді. Тоқалы бар (екінші отбасы) екенін тұңғыш рет мойындайды. Әсел Исабаеваға ес-түссіз ғашық болғанын айта келе, екеуінің арасындағы махаббат хикаясын майын тамызып баяндайды.

Одан туған екі ұл - Тауман мен Бәйкеннің ұрпақ сабастығын жалғап, әулеттің үзілгелі тұрған үмітін қайта тірілткенін әңгімелейді.


Назарбаевтың қос мұрагері - ат жалын тартып мінер жасқа жетті. Тауман 2005 жылы өмірге келсе, Бәйкен 2008 жылы дүние есігін ашқан.

Нурсултан Назарбаев впервые признал наличие второй семьи, любимой женщины  Асель Исабаевой и двоих сыновей

Экс-президенттің екі ұлға ерекше акцент беруі тегін емес. Бұл бір жағынан сіз бен бізге қыр көрсету.

DALA INSIDE-қа жеткен мәлімет бойынша сырт көзге сыр алдырмаса да, Әбішұлы қазіргі президентке өкпелі. Осыған дейінгі Тоқаевтың тарапынан айтылған астарлы сын Назарбаевқа ауыр тиген. Экс-президентке соңына адал болуға серт берген ескі гвардия ертеңгі күні Тауман мен Бәйкен тандемінің төңірегіне топтасуы ғажап емес.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар