Назарбаев: "Үкімет отставкаға кетуі керек"

Dalanews 21 ақп. 2019 13:34 860

Бұлай деп президент Назарбаев мәлімдеді. Ақорданың сайтында жарияланған үндеуінде Мемлекет басшысы мұның себебін тарқатып түсіндіріпті. 

Бүгін ел үшін аса маңызды шешім қабылдамақпын. Осыған дейінгі әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты болды. Бірақ бұл бүгінгі күні жеткіліксіз көрсеткіш. Мен ұйытқы болған Үшінші модернизация және "Ұлт жоспары – 100 нақты қадам" бағдарламалары құрылымдық реформаны жеделдету үшін қабылданған.

5 институтционалды реформа толық жүзеге  асқанда елдегі шағын және орта бизнестің белсенділігі артып, экономикадағы мемсектордың үлесі төмендер еді. Соттарға және құқық қорғау органдарына деген сенім қалыптасар еді. 

Үкімет экономиканың тамырына қан жүгіртеді деп бірсыпыра заң қабылдады, бірақ бірде-бірі мақсатына жеткен жоқ. Ішкі жалпы өнім шикізаттық сектордың есебінен  өсіп отыр. 


Үкімет пен Ұлттық банк экономиканың өсуіне, дамуына себепкер болатын нақты жағдай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалып жатқанымен, көптеген бағыттар бойынша нәтиже жоқ. Жұмыс орындары жеткіліксіз, бұл әсіресе ауылдарда анық көзге ұрып тұр. 

Шағын және орта бизнес экономиканың күретамырына айнала алмады. Министрлер мен әкімдер бизнеске көңіл бөлуді қойды. 

 Үкіметке, әкімдерге халықтың тұрмысын жақсарту, табысын өсіру туралы талай мәрте тапсырма бердім. Екі жыл бұрын конститутциялық реформа жасап, Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде еркіндік бердім. 

 Индустриалды, әлеуметтік, инфрақұрылымдық, денсаулық және білім саласына қатысты бірталай бағдарлама қабылданды. Қаржы бөлінді. Бірақ, бірде-бірі жолға қойылған жоқ. Жүзеге аспады. Халықтың табысы өскен жоқ. Тұрмысы жақсарған жоқ. 

Отбасындағы табыстың азық-түлікке кететін үлесі өскен үстіне өсіп келеді. Атқарушы органдардың жүрдім-бардым қарауынан қоғамның көп бөлігі әлеуметтік көмектен қағылды.

Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істемеді, халықтың сөзімен санаспады, мәселесіне құлақ түрмеді. 

Осы жағдайда мен халық мүддесін ескере отырып келесідей шешім қабылдадым: 

 Үкімет отставкаға кетуі тиіс деп есептеймін. Жаңа үкімет халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Экономиканы тірілту қажет. 


"Нұр Отанның" алдағы жиынында елдің тұрмысын жақсарту, табысын көтеруге қатысы бірқатар іс-шаралар жоспарын ұсынамын. Бұған бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінеді. 

Бұл қаржы келесідей міндеттерді орындауға: 

  1. Жағдайы төмен азаматтарды әлеуметтік қолдауға;

  2. Оларды баспанамен қамтуға;

  3. Аймақтарды дамытудың бағыт-бағдарын күрделі түрде өзгертуге


бағытталады. 

Жаңа үкімет өз жұмысын осыған негіздеуі керек. Үкіметтің қолындағы қаржы мақсатсыз жұмсалып жатыр. Бұдан кейін мұның барлығына бақылау жүргізіледі. Алдағы "Нұр Отанның" жиынында бұл туралы егжей-тегжейлі айтамын, – деді Назарбаев. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар