Назарбаев Мәскеуге не үшін барды? — Айдос Үкібай жауап берді

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 11:39

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жеке шақыру бойынша барды. Ол ресми іс-шараларға қатысқан жоқ. Бұл туралы экс-мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“БАҚ тарапынан түскен сұраныстарға байланысты мынаны хабарлаймын: Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта болды. Оны Ресей президенті Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс мемлекеттік өкілеттіктерге тәуелді емес, бұрыннан қалыптасқан жеке қатынас”, – делінген хабарламада.

Айдос Үкібайдың айтуынша, Тұңғыш президент әлемнің бірқатар елдерінің көшбасшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасып, кейде жеке кездесіп тұрады.

“Бұл тек Ресеймен ғана емес, сонымен қатар Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Беларусь және басқа да мемлекеттермен арадағы қатынасқа қатысты. Мұндай өзара әрекеттестік форматы – халықаралық тәжірибеге сай және жылдар бойы қалыптасқан жеке байланыстарды көрсетеді”, – деді ол.

Баспасөз хатшысы атап өткендей, қазіргі уақытта мемлекеттік лауазым атқармайтын, бірақ беделді саясаткерлермен жеке кездесулер – дипломатиялық тұрғыдан әбден қалыпты тәжірибе.

“Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен күні Ресей президенті Жапонияның марқұм премьер-министрі Синдзо Абэнің жұбайы Акиэ Абэмен де жеке кездескен болатын. Ал Назарбаевтың сапарына келсек, ол Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырту алған еді. Алайда объективті себептерге байланысты ресми мерекелік күндерде қатыса алмады, сондықтан кейінірек жеке тәртіппен Мәскеуге барды”, – деп түсіндірді Айдос Үкібай.

Сондай-ақ Үкібай Назарбаевтың шетелге көшіп кеткені туралы қауесеттерді жоққа шығарып, оның Қазақстанда тұрақты тұратынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін сарапшылар бұл сапардың астарында не жатқанын сарапқа салған еді.

Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, бұл - Кремльдің Қазақстанның қазіргі билігіне жасаған қысымы.

"Алдағы 1–2 аптада Қазақстан АЭС-ке қатысты вендорды анықтауға тиіс. Бұған дейін басты үміткер "РосАтом" болған, бірақ оның қаржыландыру мәселесінде қиындықтар бар. Ал Қазақстан АЭС-тің қаржыландырылуына республикалық бюджеттен, БЖЗҚ немесе Ұлттық қордан қаражат бөлінбейтінін мәлімдеді", - дейді маман.

Сарапшының сөзінше, Ресей үш жаңа көмір электр станциясын қаржыландыруға тиіс болатын, екі жылға жуық уақыт өтсе де, әлі тыныштық.

"Осы жобалар үшін мемлекетаралық келісім жобасы дайындалған еді, бірақ бұл жерде де қаржыландыру мәселелері туындады. Ресей Екібастұз ГРЭС-3-ті кеңейтуге қатысуы керек еді. Біздің тарап не істеді? Ашық тендер жариялады. Ресей тарапынан ұсыныс болмады, сол себепті тендер өтпей қалды.

Қазіргі қатаң ұстаным Кремльге ұнамай отыр. Әйтпесе басқаша қалай түсіндіруге болады?Жеке пікірім: АЭС-ті қытайлар салады. Иә, РосАтом арзан болуы мүмкін, бірақ санкциялық мәселелер үлкен күмән тудырады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар