Назарбаев болмағанда Қазақстан Украинаның кебін киер еді - Оливер Стоун

Dalanews 20 шіл. 2021 16:52 794

Танымал режиссер Оливер Стоунның Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев туралы туындысы түрлі пікір, қилы көзқарас туғызды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Батыс мұны автократ басшылардың пропагандасына баласа, Кремль  керісінше Назарбаевтың кемеңгерлігін паш еткен кесек дүние дейді. 

“Қазақ тарихы: Алтын адам” деп аталатын деректі фильмнің ұзын-ырғасы 8 сериядан тұрады. Мұнда Қазақстанды 30 жыл бойына басқарған Назарбаевтың тарихи тұлғасына баға берілген. 

“Оны диктатор деуіңіз мүмкін, тиран деп тілдейтіндер де табылар. Қайраткерлік қарым-қабілетіне қайран қалып, тамсанып отыратын, оның шын мықтылығына шүбәланбайтын қауым тағы бар. 

Шынтуайтында, ол өте сыпайы адам. Совет өкіметінің құлауы көз алдында өтті, осы өкіметтен жырылып, өз алдына бөлек отау құрған балаң мемлекеттің белін буды. Атом бомбасынан бас тартып, адамзаттың мүддесін алға қойды”, – дейді Оливер мырза. 



Батыс сарапшылары бұған мүлде басқа қырынан қарап отыр. 

Мәселен The Guardian шолушысы Джоанна Лиллис бұл Назарбаев тұлғасына табынудың кезекті көрінісі деп пайымдайды. 


“Фильмнің өне-бойы пропагандаға тұнып тұр. Қазақстан халқы Назарбаев дәуіріне әлдеқашан әділ баға берген. Фильм шетелдік көрерменге арналғандай, сол арқылы Назарбаевтың Батыс аудиториясы алдындағы репутациясын түзеуге тырысқан сыңайлы…”, – дейді Лиллис.  

Алайда идея авторы Назарбаевты сынамас бұрын, алдымен оның игілікті істеріне назар аудару керектігін айтады. Қазақстанның экс-президенті Стоун түсірген фильмнің басты кейіпкері болуға әбден лайық. 

“Мен бұл кісілерге демократияны қалай құру керектігін айтып, дәріс оқуға келген жоқпын. Елді қалай басқару керектігін көрсетіп, көсемсіп, шешенсіп отыруды мақсат тұтпаймын. 

Әрбірден соң Назарбаевтың биліктегі 30 жылын атап өтудің еш әбестігі жоқ. Жаһан жұрты Назарбаевтан қандай жамандық көрді? Керісінше, Орта Азияның кіндігіндегі елді көркейтіп, гүлдендіріп, ырыс-ынтымағын бұзбай кейінгі президентке табыстап кетті.

Украина секілді іштен іріген, күресінде қалған елге айналуына жол бермеді”, – дейді режиссер. 


...

Мұны естіген Кремльдің пропаганда құралдары Оливер Стоунның атына ода айтысқан екен. 

Мәселен, Мәскеуден таралатын “Аргумент и факты” басылымы америка режиссерін Голливудтағы ең табысты әрі ең ықпалды тұлғаға теңепті. 

“Оскар” оған таңсық емес. Ол түсірген картинаның кез-келгені өнер туындысы. Классика. Стоун қазіргі әлемнің кескін-келбетіне Американың көзімен қарамайды, оның өз ұстанымы бар. Америка аудиториясының ығына жығылмайды, барлығын өз көзқарасы тұрғысынан бағалайды.

Уго Чавес, Эво Моралес, Фидель және Рауль Кастро, Владимир Путин туралы фильм түсіріп, бұларды адамзаттың хас жауына айналдырған батысшыл, АҚШ-шыл қауымның аузына құм құйды. Әлем бұларды басқа қырынан таныды”, – дейді АиФ.

Ал Russia Today Стоунның 2016 жылы түсірген “Украина өрт құшағында” атты деректі фильмі Киевтің Ресейге қарсы сұмпайы саясатын әшкере қылғанына сенімді.

Кремль идеологтары Стоунның “Сноуден” фильмі АҚШ-тың қасықтап жинаған абыройын, шелектеп төккен шедевр деп санайды.  

...

Стоунмен әңгіме-дүкен құрған Қазақстанның экс-президенті ел басқарған жылдарды еске алып, өткен 30 жылға өз тарапынан баға береді. 

“Отыз жылда не тындырдыңыз? Назарбаев мұрасы деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық қандай, нендей жетістігіңіз бар?” деген сауал қойды Стоун.

Назарбаев өзінің билігі тұсында Қазақстанда қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман орнағанын, сауатты саясаттың негізінде кедейшіліктің қамытын сыпырып, Орта Азия елдерінің ішінде оза шапқанын тілге тиек етті. 

“Біздің буын? Біздің буын Қазақстанның тәуелсіздігін жария етті. Біздің буынның тұсында Қазақстан егемен ел атанды. Атағы алты қырдан асып, алты құрлықты шарлады. Айналасы 20 жылда (1911-2011) экономика мен әлеуметтің әл-қуаты 10 есе өсті!

Жоқшылықты жеңдік. Кедейшіліктен арылдық. 1991 жылы жұрттың 47 пайызы ішерге асы, киерге киімі жоқ, шықпа жаным шықпа деп отырған шақ еді. Бүгін бұл көрсетішті 4 пайызға дейін төмендеттік. 

Бүгін біздің ел нарықтық экономиканың негіздерін меңгерген, орташа өмір сүретін мемлекет. Біздің ел ешкіммен араз емес, осы күнге дейін ешкіммен жанжалдасып көрген жоқпыз. Тәуелсіздіктің отыз жылын тыныштық пен тұрақтылықта, ырыс пен ынтымақта өткіздік. Мінекей, дәл осындай Қазақстанды соңыма қалдырып барамын”, – дейді Назарбаев. 

Режиссер Стоун экс-президентің жауабына дән риза болып, Назарбаевтың көшпелі һәм жауынгер ұлттық ұрпағы екенін айтты. 


“Сіздер ешкімге тиіспей тыныш жатқан елсіздер. Сіз әлем адамысыз”, – деді Стоун. 



“Назарбаевқа кез-келген сауалды қорықпай қоюға боларына көзім жетті” деген Стоун Нұр-Сұлтанның кескін-келбетіне тамсанып, осындай туындыны тудырған экс-президенттің ерен еңбегін ерекше атап өтеді. 

“Осыдан 15 жыл бұрын бұл жер ми батпақ еді, қазір құлпырған қалаға айналды. Мақсат-мұратымызға жеттік”, – деген Назарбаевқа астананың атауына қатысты сауал қояды.

“Қаланы Нұр-Сұлтан деп атауыңызды қалай түсінеміз? Ауыл-аймақ, үй-үйді аралар болсақ, төргі бөлмеде сіздің суретіңіз тұруы мүмкін бе? Баласының атын ырымдап Нұрсұлтан деп қойған халыққа қатысты не айтар едіңіз? Бұл жеке басқа табынудың белгісі емес пе?”, – дейді Стоун. 

Айтуынша, Назарбаев бұл сауалға бүкпесіз жауап берген. 

Астананың атын ауыстыруға қарсы болғанын айтқан. Алайда “қаланың іргесін қалаған адамға лайықты баға беруіміз керек” деген Тоқаевтың шешіміне қарсы келе алмаған.

“Билікте отырған кезде менің атыма көше, мектеп атауын беруге түбегейлі болдым. Халықтың тарапынан түскен түрлі-түрлі ұсынысты тежеп отырдым”, – дейді экс-президент.


Еске салайық, бұған дейін Назарбаев Елорданы ауыстыруға шешім қабылдаған тұста түсіне қызыл жолбарыс енгенін айтқан.

Стоун Назарбаевты Қытай, АҚШ пен Ресей секілді алпауыттардың тілін тауып, арасалмақ сақтай білетін саясаткер деп есептейді.  

“Бұл дүниенің кілтін АҚШ-қа табыстар болсақ, әлемнің астаң-кестеңін шығарады. Баланс болу керек, баланс. Назарбаев осы тепетеңділіктің сақталуына мүдделі. Белгілі бір тараптың бұра тартқанын қаламайды”, – дейді Оливер мырза. 

Қазақстанның экс-президентімен екі сағатқа жуық сырласқан Стоун бұл әңгімеден жақсы әсер алғанын айтады. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


https://youtu.be/uHiFx_MiwDI

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар