Алматыда әлемнің 25 елінен келген 3 мыңға жуық қатысушының басын қосқан BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумы өтті. Жиында жасанды интеллектінің дамуы, әйелдердің қоғамдағы рөлі, кәсіпкерлік, әлеуметтік теңсіздік және көшбасшылардың жауапкершілігі талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
15 қазанда Республика сарайында өткен форум биыл "Этика күші" тақырыбына арналды. Халықаралық басқосуға 100 спикер мен 60 ментор қатысты. Олардың қатарында әлемге танымал кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, технология саласының мамандары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.
Форумның ашылуында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Онда жаһандық өзгерістер жағдайында адами капиталды дамыту, білім мен инновацияға басымдық беру және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі айтылған.
Жасанды интеллект пен көшбасшылар жауапкершілігі
Форумның басты қонақтары қатарында супермодель, қайырымдылықпен айналысатын Наталья Водянова, Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы Рэнди Цукерберг, Jo Loves брендін құрған Джо Малоун және екі мәрте "Оскар" сыйлығын иеленген режиссер Шармин Обайд-Чиной болды.
Рэнди Цукерберг жасанды интеллектінің бизнес пен күнделікті өмірге ықпалына тоқталса, Наталья Водянова қоғам алдындағы жауапкершілік пен танымалдықты әлеуметтік мәселелерді шешуге пайдаланудың маңызын қозғады.
Ал Шармин Обайд-Чиной кино өнерінің қоғамдағы қалыптасқан көзқарастарды өзгертуге және көпшілік назарынан тыс қалған мәселелерді көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.
Орталық Азия әлемге өзін қалай таныта алады?
Форум аясында Орталық Азия елдерінің халықаралық беделін арттыру, мәдени мұрасын насихаттау және креативті экономиканы дамыту мәселелері де сөз болды.
Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы Гаянэ Умерова өңір елдері өз ерекшелігін сақтай отырып, мәдени ынтымақтастықты күшейтуі қажет екенін жеткізді.
Ал Dala Edge Creative Tech Park тең құрылтайшысы Данат Жұмин Орталық Азия мемлекеттерін өзара бәсекелесуден гөрі ортақ жобаларды дамытуға шақырды.
"Жоқ нәрсе үшін бәсекелесуді доғарайық. Болашақта болатын нәрсе үшін бәсекелесейік. Бір-бірімізбен емес, өзгелермен бәсекелесейік. Мен Орталық Азияны қолдаймын", – деді ол.
Әйелдердің мүмкіндігін шектейтін қандай кедергілер бар?
Жиында әйелдердің білім алуына, еңбек нарығына араласуына және кәсіби дамуына кедергі келтіретін мәселелер де көтерілді.
Қазақстандағы "БҰҰ-Әйелдер" құрылымының өкілі Джерен Гювен Гюрес әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, ақы төленбейтін үй еңбегі және технология саласындағы гендерлік теңсіздік мәселелеріне назар аударды.
Кәсіпкер, Гарвард университетінің түлегі Әсел Амангелді әрбір әйелдің өз болашағын дербес таңдауға мүмкіндігі болуы керектігін айтты.
"Әр қыздың өз болашағын өзі таңдау құқығы сирек берілетін артықшылық емес, қалыпты жағдай болуы тиіс", – деді ол.
Сондай-ақ қоғам қайраткері Ләззат Қалтаева мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне толыққанды араласуы үшін тең жағдай қалыптастыру қажеттігін көтерді.
Форумның мақсаты қандай?
BE WOMAN халықаралық платформасының негізін қалаушы, кәсіпкер Жанна Канның айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – Орталық Азияны жаһандық мәселелер талқыланатын алаңға айналдырып қана қоймай, өңір өкілдерінің халықаралық шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік жасау.
"BE WOMAN ASIA – Орталық Азия жаһандық күн тәртібінің сырттай бақылаушысы болмай, оны қалыптастыруға қатысатын платформа. Жасанды интеллект дәуірінде күш ықпалдың ауқымымен емес, жауапкершілікпен өлшенеді", – деді Жанна Кан.
Айта кетейік, BE WOMAN бастамасы халықаралық форум өткізумен шектелмейді. Жоба аясында әйелдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім гранттарын ұсыну және кәсіпкер әйелдердің стартаптарын қолдау бағытындағы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
16 қазанда форум практикалық кездесулермен, шеберлік сабақтарымен және сарапшылардың қатысуымен өткен талқылаулармен жалғасты.