Министр болғалы Бейсембаевтың басы мектептегі дін мәселесіне байланысты даудан арылмады

Сағыныш Сардарова 20 ақп. 2024 16:33 2751

Әлеуметтік желіде намаз оқыған оқушылардың видеосы тарап кеткен еді. Желі қолданушылары бұл жағдай мектеп қабырғасында болып жатқанын айтып шулады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің сөзінше, қазір бұл оқиға қай өңірде, қай мектепте болғаны зерттеліп жатыр, әзірге белгісіз.

"Мән-жайды анықтағаннан кейін белгілі бір шаралар қабылданады. Қайда болғаны анықталғанын күтеміз. Алдымен бұл мектепте болды ма, жоқ па, соны білейік", - дейді Бейсембаев.

Сондай-ақ, шенеунік "мектепте намазхана болуы керек пе?" деген сауалға да жауап берді.

"Мектеп - ең алдымен білім мен тәрбие ошағы. Сондықтан мектепті міндетті түрде ұстаздарымыз балаларымызға білім беруге бағыттауы керек. Бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бұл ұстанымнан тайған емеспіз. Сондықтан мұнда басқа мәселені көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл - мүмкін емес нәрсе", - деді ол.

Бұған дейін де мектептегі оқушылардың хиджаб киюі, намаз оқуы секілді мәселелер бірнеше рет көтерілді. Бейсембаев министр болғалы осындай тақырыптардан алыстай алмай жүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар