Мұхит Әзірбаев Алматыға қосылған аумақтардың қалай дамып жатқанын айтты

Dalanews 30 қар. 2021 11:13 1039

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қалаға қосылған аумақтарды инфрақұрылымдық дамыту бойынша жұмыстар туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарасай, Талғар және Іле аудандары учаскелерінің мегаполиске қосылуына байланысты қала билігі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.

Әкім орынбасарының айтуынша, ағымдағы 2021 жылы сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар 24 шағын ауданды қамтыды.  10 айда 120 шақырым сумен жабдықтау және 77 шақырым кәріз желісі жүргізілді. 14 шағын ауданда ағымдағы жылы желілердің құрылысын аяқтау жоспарлануда, бұл 23 мыңнан астам үйді қалалық желілерге қосуға мүмкіндік береді.

Алматы билігі сапалы электрмен жабдықтау мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Мәселен, «Тұздыбастау» қосалқы станциясын салу есебінен Түрксіб ауданының  200 мыңнан астам тұрғыны  2022 жылы тұрақты электрмен жабдықтауға қол жеткізеді.


Сондай-ақ, Жетісу ауданында жаңа қосалқы станция құрылысын бастау жоспарлануда.

Әкімнің орынбасары тұрақты электрмен жабдықтау бойынша жұмыстар иесіз желілер бойынша да жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ағымдағы жылы  91,8 км электр желілері иесіз деп танылып, «Алатау Жарық Компаниясы»АҚ-ға қызмет көрсету үшін берілді. Қазіргі уақытта 83,5 км иесіз желілер Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына бекітіліп, кейіннен «Алатау Жарық Компаниясы»АҚ-ға берілетін болады.

«Шетсіз қала» тұжырымдамасын іске асыру кезінде сыртқы жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың соңғы 2 жылдағы бастамасының арқасында мегаполистің 1 963 көшесі көше шамдарымен қамтамасыз етілді.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда мегаполис тұрғындарының 99,2%-і табиғи газға қол жеткізіп отыр. 2022 жылы үйлердің 100%-і газбен қамтамасыз етіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар