«Нұр Отан» неден ұтылды?
Біздің биліктің, депутаттар, министрлер мен әкімдер әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, жұртшылықпен байланыс орнатудан қорқатыны, қашатыны жасырын емес.
Сондықтан "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен мырзаның фейсбуктан жеке парақшасын ашуын еліміздегі кейбір ақпарат құралдары үлкен ерлікке балағанын түсінуге де болатын шығар.
Әшімбаевтың өзі:
"Уақыт өткен сайын интернет пен әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді (шындығында айналып кетті дегеніңіз дұрыс еді /ред).
Технологиялар да бір орында тұрмайды. Қоғам да өзгеруде. Сондықтан біз де заманға сай өзгеріп, жетіле түсуге тиіспіз", – деп өзінің аса маңызды іске бел буып, білек сыбана кіріскеніне аз-кем түсініктеме беріпті.
Кейбіреулердің Мәулен Әшімбаевтің фейсбукке тіркелгенін хабарлағанда өзгелер секілді қуана алмадық.
Есесіне "Әшімбаев әлеуметтік желіге енді тіркеліп жатыр ма?" деп таңғалғанымызды жасырып қайтейік.
Өйтпегенде ше, егер Қуаныш Сұлтанов ағамыз «фейсбукке» тіркеліпті десе "ее-е-е" деп қоя салуға болар еді.
Ал Мәулен Әшімбаевтің «әлеуметтік желіге тіркеліпті» дегенін естігенде есімізге белгілі жазушы Дулат Исабековтың жасы жиырмаға келген жігітті сүндеттегені жайындағы әзіл әңгімесі есімізге түсіп, езуімізге күлкі үйірілгенін жасырып қайтейік.
Бұл да жарнама ма?
Басшыларының фейсбукке тіркелуін "Нұр Отан" партиясының менеджерлері жерден жеті қоян тапқандай жарнамалағанша, жасырып қалғаны дұрыс еді.
Рас айтамыз. Қалжыңдап отырған жоқпыз.
Мұны демократиясы дамыған өзге елдердегі әріптестері естісе күлетіні анық. Еуропаны айтпаған күннің өзінде іргедегі Қырғызстанның Жоғары кенешінің депутаттары "қазақтың саясаткерлері әлеуметтік желіге енді тіркеліп жатыр екен" деп мазақ қылмай ма?
Несін айтасыз, Әшімбаевтың бұл әрекеті бейнелеп, әсірелеп айтсақ, миллионға тарта мүшесі бар "Нұр Отан" партиясы үшін сүйекке таңба болды.
Жыл басынан бері әйгілі Discovery арнасы көрсете бастаған "Золотая лихорадка бурной воды" деген реалити шоу бағдарлама бар. Сол шоуды үзбей көреміз.
Реалити шоудың 4-ші сериясында жасы жетпістен асқан Фред Хёрт төртінші рет шаңырақ көтеріп, некеге тұрғанын көрсетеді.
Сол кезде Discovery арнасының әуесқой журналистері Фред шалдан: "Қалыңдығызбен қалай таныстыңыз?" дегенде, жетпісті алқымдаған күйеу жігіт: "Ғашығыммен фейсбукта таныстым, кейіннен кездесіп, бір-бірімізді ұнаттық" деп ағынан жарылып, махаббат хикаясын қысқаша әңгімелеп беретіні бар.
Әне, дамыған елдің шалдары фейсбукты пайдаланып, ғашығын тауып жатыр.
[caption id="attachment_34660" align="aligncenter" width="1024"] 73 жасқа шыққанда Фейсбук арқылы сүйегенін тауып, төртінші рет шаңырақ көтерген Фред шалыңыз осы[/caption]
Біз ше?
Ал дүниежүзіндегі дамыған 30 елдің қатарынан кіруге ұмтылған дүрдей елдің билік партиясын тізгіндеп отырған Әшімбаев фейсбукке енді тіркеліп жатыр.
Ал осыдан-ақ ойыңызды қорытындылай беріңіз.
Назарбаевтың цифрлы экономика құруға бет бұрып, үлкен жұмысты бастап кеткеніне бірнеше жылдың жүзі болады.
Ал біздің биліктегілер болса, әлеуметтік желіге енді тіркелгенін әңгіме қылудан әріге аса алмауда. Мұндай өгіз аяңмен біздер бұл ғасырда цифрлы экономиканы құрып болмаймыз, құдай біледі...
Соңғы уақыттары бір байқағанымыз фейсбукты саясаткерлерге қарағанда әнші-әртістер көбірек пайдаланатынын байқап жүрміз.
Өткенде әнші Мақпал Исабекова өзінің инстаграмдағы аккаунтын 1.5 млн. теңгеге сатып, ақшасын науқас қызға аударғаны есімізде.
Ал осыдан кейін халық кім жақын, жұрт арасында кімнің танымал екенін бағамдай беріңіз.
Әлеуметтік желіні бақылап отыратын адам әдетте – елдің жағдайы, халықтың ой-пікірімен жақсы таныс. Ал біздің шенділер болса, "заман өзгерді, ептеп бізде өзгеруіміз керек" деп тасбақаша тырбаңдаумен күнін өткізіп жатыр.
Неге? Неге солай?
Әзір билік үшін, биліктегілер үшін халықпен жақындасудың, халықтың тамырын басудың бір амалы – әлеуметтік желіге тіркелу. Әлеуметтік желідегі жұрттың сан түрлі сауалына жауап беру.
Одан ұтылмайды билік.
Анығы, билік әлеуметтік желімен, әлеуметтік желіде көтерілген мәселемен санасатын, сан түрлі сауалға жауап беретін шаққа жетті.
Әлеуметтік желі саясаттың тілімен айтқанда микробилікке айналды.
Мұны бір түсінсе, Әшімбаев түсінуі тиіс еді. Бүгін емес, әуелден. «Нұр Отанға» тағайындалмай тұра...
Әшімбаев әншейін атқамінер емес, біз білсек. Кезінде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық институтын басқарған. Сарапшы. Саясаткер.
Содан да шығар Әшімбаевтың әлеуметтік желіге енді тіркелуін өз басымыз жаңалық ретінде қабылдай алмадық.
Әшімбаев сияқты кеш оянғандар қаншама, бірақ. Оянбағандар қаншама...
Нұрлан ЖҰМАХАН, Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін