Мұғалімге ауыр сөз айтқан: Назарбаев зияткерлік мектебінде қандай дау шықты?

Сағыныш Сардарова 27 мам. 2025 11:41

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дау шықты. Министрлік жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ мәліметіне сүйенсек, 23 мамырда 11-сынып оқушысы Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен оқудан шығарылған. Мұның себебі емтихан кезіндегі тәртіпбұзушылық және мұғалімді "Ш"-дан басталатын сөзбен қорлау болған.

Келесі күні жасөспірім бейнеүндеу жолдады. Ол мұғалімнен бірнеше рет кешірім сұрағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, директор өзі туралы мұғалімдер мен ата-аналар арасында жалған ақпарат таратқан.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі жағдайға пікір білдірді.

"Елімізде ұстаздың мәртебесі заңмен бекітілген, бұл оның қоғамдағы орны ерекше екенін білдіреді. Ұстаз – бала тәрбиелеп, ұрпаққа жол көрсететін ардақты жан. Сондықтан ата-ана мен оқушы тарапынан мұғалімге құрметпен қарау – ең алдымен адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің абыройына күмән келтіру – бүкіл жүйенің беделін түсірумен бірдей", - деді ведомство өкілі.

Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайтынын мәлімдеді.

"Бұл оқиғада оқушы өз қатесін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен емес, сондай-ақ, адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Министрдің нұсқауына сәйкес бұл мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады. Министр "НЗМ" басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сөйлесті. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғанын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірді", - деді министрлік өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар