Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2011 жылы 14 жылға сотталған Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін интернет платформаларында жарияланған бірнеше сұхбатта Исматулла Мақсұмның медреседе қызмет еткен кезінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені туралы айтылған еді. Бұл мәлімдемелер қоғамда қызу талқыланып жатыр.
"Исматулла Мақсұм мен оның қолдаушыларының әрекеті мен діни ұстанымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына сәйкес келмейді. Олардың ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ", – делінген ресми хабарламада.
Діни басқарма исламда адамға зорлық-зомбылық көрсету, қорқыту, мәжбүрлеу және өзгенің ақысына қол сұғу ауыр күнә саналатынын еске салды.
Сондай-ақ мүфтият Қожа Ахмет Ясауидің есімі мен рухани мұрасын жекелеген адамдардың немесе топтардың теріс діни мақсатта пайдалануына жол беруге болмайтынын атап өтті.
"Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы – халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы. Халқымызды дін атын жамылып, тек өзінің діни ұстанымын дұрыс санайтын, адамды өзіне тәуелді етіп, соқыр сенімге жетелейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырамыз", – деп мәлімдеді ҚМДБ.