10-11 қыркүйекте Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында мемлекет, бизнес, сарапшылар мен азаматтар цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлықты күнделікті өмірдегі қауіпсіздік ережелері сияқты үйреншікті стандартқа қалай айналдыруға болатынын талқылайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Конференция Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтеді.
Цифрлық қауіптер әлдеқашан корпоративтік қауіпсіздік шеңберінен тыс шығып, күнделікті өмірімізден көрініс тауып жатыр. Алаяқтық, фишинг, деректердің ұрлануы, әлеуметтік инженерия және дипфейктермен бүгінде кез келген адам – үйде, жұмыста немесе жай ғана смартфонды пайдалану барысында бетпе-бет келуі мүмкін.
Сондықтан киберқауіпсіздік – бұл енді тек технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік (АҚ) мамандарының міндеті ғана емес. Әрбір адамның интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықтың қарапайым әрі түсінікті дағдыларын меңгеруі маңызды.
10 қыркүйек күні мемлекет, бизнес, стартаптар және АҚ қауымдастығының өкілдері компаниялардың талаптарға сай болып қана қоймай, кибершабуылдарға шынайы дайын болу жолдарын, мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әрекеттесуін және бүгінгі таңда бизнесті қорғауға көмектесетін шешімдерді талқылайды.
Жасанды интеллектке қатысты жаңа қауіп-қатерлер және ЖИ-дің киберқауіпсіздікті қалай өзгертетіні туралы жеке сөз қозғалады. Сондай-ақ, қатысушылар нарықтың бағытын және оның 2026–2027 жылдардағы дамуын айқындайтын үрдістерді талқыға салады.
11 қыркүйек — қала тұрғындарына арналған күн
Конференцияның екінші күні отбасыларға, балаларға, студенттер мен ұстаздарға арналады. Бұл күні киберқауіпсіздік туралы қарапайым тілмен айтылып, барлығы тәжірибе жүзінде көрсетіледі.
Қонақтарды интерактивті тренажерлар, цифрлық қауіпсіздік бойынша ойындар мен тесттер күтеді. Интернетте өзіңізді қорғау қабілетіңізді тексеріп, кибергигиена туралы көбірек білуге және дипфейктердің қалай жасалып, қалай жұмыс істейтінін түсінуге мүмкіндік болады.
3000-нан астам қатысушы
Ұйымдастырушылар Астанада 2000-нан астам қатысушыны және Алматы, Шымкент және Қазақстанның басқа өңірлерінен 1000-нан астам онлайн-қонақты күтуде.
Екі күн ішінде алаңда панельдік пікірталастар, воркшоптар және нақты кейстерге талдау жүргізіледі. Бағдарламада 20-дан астам спикерлер мен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей тілдесу мүмкіндігі бар.