Соңғы уақытта спорт қауымдастығында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровқа қарсы мақсатты ақпараттық науқан жүргізілген болуы мүмкін деген пікірлер жиі айтыла бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселе Мәдениет және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа да қойылды. Министр сұрақтан жалтармай, мәселені эмоция емес, нақты фактілер тұрғысынан бағалау қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, сын әрдайым болуы мүмкін, алайда ол нақты деректерге негізделуі тиіс. Соңғы айларда Михаил Шайдоровтың жетістіктері төңірегінде түрлі пікірлер айтылып, оның табысы кездейсоқтықпен немесе жүйеге қарамастан келген нәтиже ретінде сипатталған жағдайлар болған.
Алайда министрдің пікірінше, мұндай талқылаулар кезінде спортшының нақты жетістіктері, күнделікті еңбегі мен халықаралық аренадағы нәтижелері тасада қалып қояды.
Ербол Мырзабосынов ақпараттық қақтығыстардың ең алдымен спортшылардың өзіне кері әсер ететінін атап өтті. Сондықтан қоғам назарын жасанды дау-дамайларға емес, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрген спортшылардың жетістіктеріне аудару қажет екенін жеткізді.
Министрдің мәлімдемесі спорт қауымдастығында көптен бері талқыланып жүрген мәселеге қатысты айтылды. Соңғы уақытта Михаил Шайдоровқа қатысты түрлі пікірлердің жиі жариялануы бұл сұрақтың қоғамдық деңгейде де өзектілігін көрсетіп отыр.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров соңғы жылдары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортындағы жетекші спортшыларының біріне айналды.