Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарына миллион пәтерді тегін беру жоспарланып отырғаны туралы видеоролик тарады. Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орталықтың мәліметінше, соңғы уақытта жоғары лауазымды тұлғалардың сөйлеген сөздерінен алынған шынайы бейнекадрлар мен дауыстарды пайдалану арқылы жалған хабарламалар тарату фактілері жиілеген. Мұндай тәсіл ақпаратқа ресми сипат беріп, қоғамды жаңылыстыру мақсатында қолданылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай ақпараттық арандатулар көбіне маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың алдында немесе оларды өткізу кезеңінде белсенді таралады. Атап айтқанда, референдумдар, сайлау науқандары, Үкімет құрамын қалыптастыру, мемлекеттік мерекелер және қоғам назарындағы өзге де маңызды оқиғалар кезінде осындай фейктер жиі кездеседі.
Соңғы мысалдардың бірі – қазақстандықтарға миллион тегін пәтер берілетіні туралы ақпарат. Орталық бұл видеода бұрыннан қолданылып келе жатқан манипуляциялық әдіс пайдаланылғанын атап өтті. Яғни, шынайы бейнежазбалар мен көпшілікке таныс дауыстар ешқашан айтылмаған мәлімдемелермен біріктіріліп, жалған ақпарат жасалған.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды мұндай хабарламаларға сыни көзқараспен қарауға шақырды. Күмәнді ақпаратты көрген жағдайда оның ресми түрде жарияланғанын тексеріп, бейнежазбаның толық нұсқасын немесе мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерін пайдаланған жөн.