Жаңа ғана Берлинде өткен концерттен оралдым. Ешкім ойламаған жерден кешке Ангела Меркель ханым келді (Германия канцлері ғой).
Келді де, отырды. Зал лық толы, аузы-мұрнынан шығады.
Концерт басталуға шамамен 10 минут қалған болар. Міне, осы сәтте Зауэр мен Меркель кіріп келді. Төрге шыққан жоқ, ел құсақты сәл шеткерірек орналасқан орынға жайғасты. Меркельмен көрші отырған бір әжей, канцлерге қарады да, сасып қалған болуы керек: «Кешіріңіз, сіз фрау Меркельсіз бе?» – деп сұрады.
Ол сәл жымиды да: «Сәлден соң рояльдің ойнайтынына қаншалықты сенімді болсаңыз, менің Меркель екеніме де соншалықты сенуге болады", - деді.
Әжей күліп жіберді. «Кешіріңіз, сізге үнемі қоятын қисынсыз сұрақтарды қайталап, мазаңызды алмайын».
Ал біз бәрін естіп отырмыз. Бақытымызға қарай біз де Меркельге жақын орналасқан едік.
Концерт басталды. Аяқталды. Шымылдық жабылғаннан кейін әлгі әжей тағы да сұрақ қойды.
– Қалай, сізге ұнады ма, Меркель ханым?
– Сіз мұндай ән кештеріне менен қарағанда жиі келетін сияқтысыз. Сондықтан мұны алдымен сізден сұрау керек сияқты. Өз басым бұл саланың маманы емеспін. Бірақ, тыңдаушы ретінде концерт көңілімнен шықты.
Әжеймен аз-кем әңгімелескен канцлер қош айтысты. Айтпақшы, канцлердің жанында қауғадай сақалы бар, түрі неміске тіптен келмейтін біреу отырды. Іштей «Ауғанстаннан келген болар» деп болжадым. Ол үн қатқан жоқ. Бірақ, концерттің басынан-аяғына дейін Меркельден көз алмады.
Фойеге шыққан сәтте бірнеше адам канцлермен суретке түскісі келді. Түсті. Әрқайсысы кезегін күтті.
Бұдан кейін канцлер сыртқа шықты. Сыртта оны түсі де, терезелері де қара екі БМВ көлігі күтіп тұр екен. Бақсам, нөмірлері де қарапайым, тіпті елшіліктің де нөмірі емес. Меркель жолдасы екеуі бұлардың біреуіне отырып кетіп қалды. Олар орнынан жылжыған сәтте жолдың арғы жағында полиция көлігі (Опель-Астра) де арттарынан жүрді.
«Мигалкасын» қосқан да жоқ. Үн-түнсіз кетті. Көріп тұрдық, канцлердің «кортежі» келесі бағдаршамда қызылға тоқтады. Жасыл жанғаннан кейін әрі қарай жүріп кетті. Тып-тыныш. Әлгі көліктің ішінде Германия канцлері кетіп барады деп ойламайсың да...
Иә, таңғаларлық түк жоқ. Мұның аты – қарапайымдылық. Таңғалатыным, ол әлі күнге дейін қалай тірі жүр? Жоқ, рас.
Бұл кісі бүтін бір елдің басшысы. Жаңа концертте отырғанда біреу келіп атып, бауыздап, тіпті болмаса тістеп алса қайтер еді? Жанында, не концерт залында, не дәлізде бірде-бір оққағар жоқ. Канцлер келді екен деп алашапқын болған адамды көрмедім.
Айтпақшы, айтуды ұмытып барамын. Қызық болды. Концерттің бел ортасында Меркельдің телефоны шылдырлады. Телефонды сөмкесінен шығарып алғаны сол еді, күйеуі тартып алды. Қалтасына сала салды да, ашулы түрімен әйелінің құлағына әлдене деп сыбырлады...
Сонымен, Меркель қалай тірі жүр? Мұның үш себебі бар, біздіңше.
Біріншіден, кез келген теракт алдын ала жоспарланады. Меркельдің әлгі концертке келетінін айналасынан басқа ешкім білген жоқ. Бұл – қауіпті сейілтетін себеп.
Екінші, кейбір президенттер, нақтырақ айтқанда диктаторларға қарағанда Меркель қарапайым киінеді, елдің назарын өзіне аудартпауға тырысады.
Үшіншіден, ол әділ, демократиялық жолмен сайланған саясаткер. Демек, алды да, арты да таза. Ал мұндай басшылардың кез келген авторитарлы көсеммен салыстырғанда дұшпаны аз, тіптен жоқ. Сондықтан да ол өз халқынан қорықпайды. Сайып келгенде, әлгі концертте Меркельді көре сала «тиранияға тоқтау саламын» дейтін адам да атымен болмайды.
Ол журналистердің сауалына әрдайым ашық, шын жауап береді. Оны көргенде кейбіреулер «бұл мүмкіндікті пайдаланып қай шенеуніктен қандай жәбір көргенімізді айтып қалайық» деп асықпайды.
Меркельге кез келген диктатор қызыға әрі қызғана қарайды. Олар әрдайым қаптаған оққағардың ортасында, қабырғасын көк тіреген қамалдың ішінде тұрады. Диктаторлар өз халқынан қорқады. Өз халқына сенбейді. Мұның бірнеше себебі бар. Оны өзіңіз де жақсы білесіз...
Аударған Думан БЫҚАЙ