"Мені тыңдаған жоқ...". Шораев Ұлттық кеңестен шықты

Dalanews 03 нау. 2020 11:22 842

Қоғамдық белсенді Арман Шораев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамынан шығып кеткені туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Менің кеңес құрамынан кетуімнің басты себебі – оны әу бастан пәлендей маңызы бар кеңес деп қабылдаған жоқпын. Ол іс жүзінде ештеңе шешпейтін жай ғана кеңес еді. Сосын мен ұлттық кеңестегі өз миссиямды орындадым. Өзім қойған міндеттерімнің бір бөлігі шешілді. Ары қарай өздері шешсін.

Ұлттық сенім кеңесіне жаңа адамдар кірді, бұл қалыпты құбылыс. Оның үстіне, менің митингтер туралы заң жобасына қатысты жеке ұстанымдарым белгілі.


Заң осы күйінде қабылданса – мен кеңес құрамында қалмаймын деп бірден айтқан болатынмын, – деді Арман Шораев.

Ол сондай-ақ, кеңестен шығу тәртібі туралы айта кетті.

- Кеңес құрамында кіргенде де, одан шыққанда да ешқандай арыз жазған жоқпын. Бұл бірнеше жылға берілетін мандат емес. Кеңесте 40 адам бар, ал кадрлардың ауысып отырғанын дұрыс нәрсе деп санаймын. Жарты жыл сайын оған біреулер кіріп, енді біреулер шығып отыруы тиіс деп санаймын,– деді Арман Шораев.

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына жаңа өкілдері қосылды.

Атап айтқанда, Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов, қоғам қайраткері, "Мазмұндама" ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков және "Талбесік" көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова, заңгер, "Ізгілік елшісі" республикалық еріктелер қозғалысының жетекшісі, заңгер Айнұр Сәбитова кірді.

Ротация аясында Ұлттық кеңестің құрамынан Э.Әзімова, А.Саин, Б.Палымбетов, А.Шораев, Б.Бұқарбай, А.Әміртаев шығарылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылға 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылға 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы сәуір айында өткізіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар