“Мен сені зорлаймын!”: Ақтауда ер адам бойжеткенге сес көрсетті

“Мен сені зорлаймын!”: Ақтауда ер адам бойжеткенге сес көрсетті
Ашық дереккөз.

Ақтауда бойжеткенге қоқан-лоқы көрсетіп, соңынан қуған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда ер адамның бойжеткенді күштеп ұстап тұрғаны, ал қыздың оның қолынан босап шығуға тырысқаны көрінеді. Оқиға куәгерлері араласып, жанжалдың ушығуына жол бермеген. Тағы бір видеода ер адамның бойжеткенге «Сені зорлаймын» деп қоқан-лоқы көрсеткені естіледі.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 2 тамыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ақтау қаласының жағалауында болған. Кейін жанжал жолдың жүріс бөлігіне ұласқан. Бойжеткен ер адамнан қашып, өтіп бара жатқан көліктердің біріне мінген. Алайда ер адам оның соңынан қуып жетіп, көліктің есігінен ұстап қалған. Осы сәтте жүргізуші көліктен түсіп, қызға көмек көрсетуге ұмтылған, ал өзге куәгерлер бойжеткенді қауіпсіз жерге алып кетуді сұраған.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың жеке басы анықталған. Олар Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.