Мемлекеттік тіркеусіз неке қиятын имамдарға ескерту жасалды

Көркем Алдабергенова 03 нау. 2025 11:48 607

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев депутаттардың сауалына берген жауабында мемлекеттік тіркеусіз неке қиятын имамдар жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп. 

Көшербаев жауабында тек мемлекеттік органдар арқылы қиылған неке танылатынын атап өтті. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен ережелерге сәйкес, діни мекемелер мемлекеттік тіркеусіз неке қию рәсімдерін өткізбеуі тиіс дейді ол. 

Тиісінше, діни рәсімдер бойынша жасалған неке тіркелген некеге тең келмейді. Имам «неке қию» рәсімін мемлекеттік тіркеусіз өткізілген жағдайда сөгіс түрінде жауапқа тартылады. ҚМДБ ресми тіркеусіз діни неке қиюға жол бермеу және жолын кесу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп халық арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – делінген Көшербаевтің жауабында.

Көшербаевтің жауабында сонымен бірге, ажырасқан жастар жөнінде статистика келтірілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кейінгі 5 жылда елімізде ажырасқандар (2019 жылы - 59796 ажырасу, 2023 жылы – 40227, 32,7%-ға төмендеген) саны азайған.

БҰҰ деректеріне сәйкес Қазақстанда ажырасу коэффициенті 2019 жылы 1000 адамға шаққанда 3,23-тен 2023 жылы 2,0-ге дейін төмендеген. Басқа елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен, демек Қазақстан ажырасу деңгейі ең жоғары елдер тізіміне енбейді дейді ол. Мәселен, басқа елдердегі ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда Лихтенштейнде 4.9, Грузияда 3.7, Беларусьте 3.7, Латвияда 2.8, Андоррада 2.7, КостаРикада 2.6, Египетте 2.5, Литвада 2.5, Доминикан Республикасында 2.4, Гренландияда 2.4, Данияда 2.1, Әзербайжанда 2.1, Финляндияда 2.1, Швеция және Түркияда 2.0 құрайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар