Мемлекеттік сайттардың уақытша істен шығуына не себеп болды? Ресми түсініктеме

Мемлекеттік сайттардың уақытша істен шығуына не себеп болды? Ресми түсініктеме
Фото: ЖИ

21 тамызда Қазақстанда eGov порталы мен бірқатар мемлекеттік интернет-ресурс уақытша істемей қалды. Қазіргі уақытта ақау жойылып, ақпараттық жүйелер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Detector404 сервисінің мәліметінше, қолданушылар сайт беттерінің жүктелмеуіне, жеке кабинетке кіре алмауына және eGov Mobile қосымшасының жұмысындағы ақауларға шағымданған.

Соңғы 24 сағаттағы өтініштердің 40 пайызы жүйенің жалпы жұмысындағы іркіліске қатысты болған. Ал сайт, мобильді қосымша және жеке кабинет бойынша түскен шағымдардың әрқайсысының үлесі 20 пайызды құраған.

Халық санына шаққанда шағымдардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларынан, сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан түскен.

Ресми мәліметке сәйкес, уақытша ақауға сыртқы интернет-трафик белсенділігінің күрт артуы себеп болған. Соның салдарынан Қазақстанның интернет сегментін қорғау тетіктері іске қосылып, кейбір мемлекеттік ресурстарға интернет арқылы кіру уақытша қиындаған.

Ақау барлық мемлекеттік сайтты қамтымаған және қысқа уақытқа ғана созылған. Қазір интернет-трафик қалпына келтірілді. eGov.kz порталы мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.