2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәртібі қолданыла бастады. Енді үміткерлер конкурстық іріктеуге қатысу үшін eqyzmet.gov.kz порталы арқылы тіркелуі қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жүйеге тіркелу үшін жеке сәйкестендіру нөмірі мен электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
"Жаңа тәртіп мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, үміткерлердің кәсіби қабілеттері мен жеке қасиеттерін бағалауға, сондай-ақ мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға бағытталған", – делінген департамент хабарламасында.
Жаңа жүйе арқылы үміткерлер бос мемлекеттік лауазымдарды қарап, өзіне сәйкес қызметті таңдай алады. Конкурстық іріктеудің негізгі кезеңдері электронды форматта жүргізіледі.