2025 жылы қазақстандық футболда бірқатар оң өзгеріс байқалды. Атап айтқанда, "Қайрат" клубының Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуы, елге "Реалдың" келуі және клубтарды жекешелендіру саладағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Қазірдің өзінде бес клуб жеке инвесторлардың иелігіне өтіп, салынған инвестиция көлемі 45 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, футбол функционері Алтай Даумовтың айтуынша, нарықтық модельге көшу отандық футболдың дамуына тың серпін беруі мүмкін.
"УЕФА деректеріне сүйенсек, Қазақстан Премьер-лигасы жыл сайын шамамен 100 млн доллар табыс әкеледі. Алайда соның небәрі 5–6 пайызы ғана коммерциялық қызмет есебінен қалыптасады. Қалған негізгі қаржы мемлекеттік дотация арқылы қамтамасыз етіледі", – дейді сарапшы.
Оның мәліметінше, Қазақстанда футбол саласына жыл сайын бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мұндай жағдайда клубтардың өз бетінше табыс көздерін дамытуға ынтасы төмендейді, өйткені негізгі қаржыландыру мемлекет есебінен жабылады.
Сарапшының сөзінше, әлемдік тәжірибеде футбол клубтары төрт негізгі бағыт арқылы табыс табады. Яғни, телевизиялық құқықтар, билет сатылымы, демеушілік және трансферлер.
"Қазақстанда бұл модель әлі толық қалыптаспаған. Телевизиялық құқықтар лига деңгейінде тиімді монетизацияланбай отыр, билет сатудан түсетін табыс аз – орташа билет бағасы 2–4 доллар шамасында. Ал трансфер нарығы енді ғана дамып келеді. Демеушілік институты болғанымен, көп жағдайда ол әкімшілік және серіктестік факторларға тәуелді", – деді Алтай Даумов.
Сарапшы Қазақстанға ұқсас жағдайдағы елдердің тәжірибесіне назар аударуды ұсынды.
Мәселен, Польшада орталықтандырылған коммерциялық жүйе қалыптасқан. Бұл елдің футбол лигасы жылына шамамен 300 млн еуро табыс табады. Клубтар телевизиялық құқықтардан бастап ішкі нарықтағы коммерциялық бағыттардың бәрінен пайда көреді.
Ал Сербияда трансферлік экономикаға басымдық берілген.
"Црвена Звезда" мен "Партизан" секілді клубтар жылына 80–90 млн еуроға дейін табыс табады. Оның 70 пайызы трансферлер мен УЕФА төлемдерінен түседі. Бұл модель ойыншыларды даярлау, еурокубоктарға қатыстыру және кейін халықаралық нарыққа сатуға негізделген", – деп түсіндірді сарапшы.
Қазіргі таңда Қазақстанда футбол әлі де мемлекеттік қаржыға тәуелді және ішкі нарықтан табыс табу деңгейі шектеулі күйінде қалып отыр.
Алтай Даумовтың пікірінше, тұрақты жүйеге көшу үшін екі бағытқа басымдық беру қажет. Біріншісі – ішкі нарықты коммерцияландыру, яғни телевизиялық құқықтарды дамыту, матч күнгі табысты арттыру және демеушілермен жүйелі жұмыс жүргізу. Екіншісі – академияларға инвестиция салып, ойыншылар даярлау арқылы трансферлік экономиканы дамыту.
"Мемлекеттің қаржыландыруды біртіндеп қысқарта бастауы маңызды қадам. Бұл клубтарды қаржылық дербестікке итермелейді. Бірақ саланың дамуына кәсіби менеджмент те қажет. Егер футбол менеджменті дамымаса, жүйе нарықтық емес, дотациялық күйінде қала береді", – деп түйіндеді Алтай Даумов.
