Қазақстан мектептерінде оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгеруі мүмкін. Қазір Оқу-ағарту министрлігі БЖБ және ТЖБ жүйесіне талдау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ведомство қолданыстағы бағалау тәсілдерін кезең-кезеңімен қайта қарауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда Орта білім комитеті барлық сынып бойынша берілетін тапсырмалар мен оқушылардың жауаптарына сараптама жасауда. Бұл жұмыс БЖБ мен ТЖБ-ның оқушының білім деңгейіне, мұғалімнің жүктемесіне және жалпы оқу процесіне қалай әсер етіп отырғанын анықтау үшін жүргізіліп жатыр.
Министрдің сөзінше, критериалды бағалау жүйесі білім беру стандартына енгізілген. Осыған байланысты дәстүрлі жазба жұмыстарын қайта қарастырып, оларды оқу процесінде кеңірек қолдануға мүмкіндік бар.
Атап айтқанда, мектептерде диктант, мазмұндама, шығарма және бақылау жұмыстары сияқты бұрыннан қалыптасқан бағалау түрлерін қайта енгізу мәселесі талқылануда.
"Біртіндеп БЖБ мен ТЖБ-дан алыстаймыз деп ойлаймыз. Бірақ ол үшін нақты негіз бен жан-жақты сараптама қажет", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік бұл өзгерістерді бірден енгізуді көздеп отырған жоқ. Алдымен қолданыстағы жүйенің тиімділігі жан-жақты зерттелмек. Себебі БЖБ мен ТЖБ бірнеше жылдан бері мектеп тәжірибесінде қолданылып келеді, ал оны өзгерту мұғалімдердің жұмысына да, оқушылардың оқу процесіне де тікелей әсер етеді.