Мектеп оқулығында Қазақстан Ресей-Еуразия аумағы деп көрсетілген

Көркем Алдабергенова 03 қыр. 2024 15:53 3257

Желіде 7- сыныптың география кітабындағы дүниежүзілік картасына байланысты дау туды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеп.

Желі қолданушысы география кітабындағы картада Қазақстанның орналасқан аумағы дұрыс көрсетілмегенін айтады. Оның сөзінше, еліміз Ресей-Еуразиялық аймаққа енгізілген. Бұл көптің ашуына тиіп, видео қызу талқыға түскен.

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының мамандары 7-сыныпқа арналған "География" оқулығы 2017 жылдан бері қолданыста екенін айтты. Сөздерінше, "Атамұра" баспасынан шыққан кітапта КСРО-ның ыдырауы кезінде пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің географиялық орнын белгілеу үшін "Ресей-Еуразиялық аймақ" атауы қолданылған. Олар бұл өзгеріп келе жатқан әлемнің тарихи-мәдени аудандарының сызба-картасы деп түсіндірді.

"2018 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Орталық Азияны тәуелсіз аймақ ретінде бөледі. Осыған орай, кейінгі басылымдарда көрсетілген сызбаға тиісті жаңартулар енгізіледі. Қазіргі уақытта кейбір деректердің, статистикалық мәліметтердің жаңартылуына байланысты аталған оқулық мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Келесі 2025-2026 оқу жылында оқулық қайта басылып шығарылады", – деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының баспасөз қызметі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар