Жамбылда жүкті келіншек жұмбақ жағдайда көз жұмды. Сорақысы сол 25 жастағы жас ананың мәйітін, қойма ішіне жасырып қойған дейді жақындары. Сұмдық жағдай Шу аудандық көпбиінді орталық ауруханасында болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро-ға сілтеп.
Марқұм әйел соңғы хабарламасында жолдасына ауруханадан гөрі халық еміне жүгінейік деп жалыныпты. Бірақ, жансақтау бөлімінде жатыр деп ешкімді жуытпапты. Жасырып отыр ма деп мәйітхана барып тексереді. Онда да жоқ болып шығады.
Дәліздегі қуыс қоймадан мәйітін тапқан туыстары ақхалаттылардың арты қуыс екеніне сенімді. Жарты айдан бері дәрігерлердің бақылауында болған Әдемі Ешеналиеваға еш ем қонбады дейді. Бесінші күні жағдай ушығып жансақтау бөліміне түскен. Сол күнгі кезекші акушер Әдеміні әжетханадан тауып алғанын айтады.
"Бірдеңе тарс ете қалды. Санитаркада менде естідім. Өйткені тишина болды прям балада жылаған жоқ. Түнгі сағат екіден 38 кеткен уақытында жүгіріп бардық. Дәретханаға жүгірдік. Барсам есік ашылмайды, "Әдемі, Әдемі" дедім. Жай аштым да, кірсем жатыр екен. Әдемі, Әдемі десем үн жоқ", дейді кезекші акушер Сандуғаш Бекенова.
Бірақ бұл айтылғанды туыстары жоққа шығарады. Олардың айтуынша, Әдемі әжетханада ұзақ жатып қалған. Өйткені, бейнебақылаудағы уақыт пен дәрігерлердің айтқаны сай келмейді дейді туыстары.
Ал жансақтау бөлімінің дәрігерлері жарытып жауап бере алмады.
"Бізден әлі жауап алып жатыр. Әлі сот сараптамасы жүріп жатыр. Мен толық ақпарат бере алмаймын. Реанимацияға кіргенде жаны болды ма? Ол жағын айта алмаймын. Қалай? Ештеңе айта алмаймын. Ал дәретханада қалай жатып қалғанын білмей қалдыңыздар? Мен ол туралы ештеңе айта алмаймын", дейді жансақтау бөлімінің дәрігері Ғани Байсымақов.