Мәскеуде тұрғын үй ауласында автокөлік жарылып, Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел даярлық басқармасының басшысы қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, жарылыс 22 желтоқсан күні таңғы уақытта Мәскеу қаласындағы Ясеневая көшесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, Kia Sorento маркалы автокөлік жүргізуші көлікке отырып, бірнеше метр жүргеннен кейін жарылған. Жарылыстан кейін кемінде жеті автокөлікке жарықшақтар тиіп, зақым келген.
Ресей Федерациясының Тергеу комитеті әскери қызметкердің өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу нұсқасына сәйкес, жарылған автокөліктің түбіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғы орнатылған және ол қашықтан іске қосылған.
«Алған жарақаттарының салдарынан Ресей Қарулы күштері Бас штабы жедел даярлық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров көз жұмды», - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта тергеу органдары қылмыстың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Солардың бірі бұл оқиғаға Украина арнайы қызметтерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам.
