Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен қалған "мұра" бір-бірлеп сатылғалы жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа дерек: Мәсімовтен қалған "мұра" туралы не белгілі?
Кәрім Мәсімовтің үйіндегі бағалы заттар жеке аукцион арқылы сатылуы мүмкін. Сотталған ҰҚК экс-төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Астанадағы сарайын әлеуметтік қажеттілікке беру жоспарланып отыр. Елорда әкімдігі үйді пайдалануға өтініш берген, бірақ ол әлі расталған жоқ. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания басшысы Қуанышбек Мұқаш мәлімдеді.
Қуанышбек Мұқаш зәулім үйдің және ондағы бағалы заттардың тағдыры туралы сауалға жауап берді.
"Бізде баланста Нұра ауданында орналасқан үй бар, аумағы - 2000 шаршы метр. Астана әкімдігі өтініш білдіріп, оны әлеуметтік нысан ретінде алғысы келді, бірақ қазір олардың растауын күтіп отырмыз", - деп түсіндірді ол.
Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, үйдегі бағалы заттар сатылымға шығарылуы мүмкін.
"Олар бөлек бағаланғандықтан, жеке активтер болғандықтан, сауда-саттыққа, аукционға бөлек қойылады және солай сатылады деп ойлаймын. Болмаса кез келген активке қосып, сонымен бірге сатамыз", - деді компания басшысы.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Астанадағы үйі әлеуметтік қажеттілікке байланысты аукционнан алынып тасталды.
Ал оған дейін тиісті лот Е-Qazyna электрон сауда алаңының сайтында жарияланған еді. Жертөлесі бар тұрғын үй елорданың Нұра ауданында орналасқан. Жалпы ауданы 2877,7 шаршы метр болатын екі қабатты үй.
Үйге әртүрлі аумақтағы бірнеше жер учаскесі кіреді, олардың бірінде гараж орналасқан. Үй 879 дана мүлікпен бірге сатылатыны айтылды. Олардың арасында жиһаз, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар, кәдесый ретіндегі қарулар бар.