Мәсімов тәубесіне түсе ме?

Dalanews 06 мам. 2016 01:15 1323

Бізде Үкімет жоқ, кландар, ірі шонжарлар және қаржылық капиталдарды өзара ымырамен (кейде таласпен) бөлісетін топтар ғана бар. Егер Үкімет болса, шынымен де халыққа қызмет көрсететін менеджерлер шоғыры болса (Үкімет мүшелері дегеніміз осы заман тілімен айтқанда менеджерлер болуы керек) онда бүгінгі талас-тартыстың бірі де болмас еді.

Досаев кетті. Не өзгерді? Не өзгереді? Ештеңе.

Жер кодексінің дүдәмал баптарын қайта қарап, оны толықтырып немесе сол күйі қалдырып, ұзақ уақыт түсіндірер, ақыры халық бүгінгі тебінінен қайтып, жалығар... Ал Үкімет ше?

Барлық кінә Досаев тобының дұрыс түсіндіре алмауынан болса, онда жарасы жеңіл, ол кетті, енді ешқандай басы артық әңгіме болмауы тиіс.

Ал сол заңды тек қана Досаев басқарған министрлік әзірлеген жоқ қой. Мәсімов Үкіметінің басқа мекемелері де сол заңды қарағандығы, оны әлде неше рет пысықтағаны анық. Солай бола тұра Президент айтпақшы «халыққа ұнамайтын заңды» әзірлеген, оны елге ұсынған Мәсімов үкіметі неге бір ауыз сөз айтпады. Мәсімов неге тәубесіне түспеді?! Мәсімовты ұстап тұрған қандай күш?

Осыдан 4-5 жыл бұрын мемлекеттік БАҚ-тарда Мәсімовтың суреттерін жарияламайтын науқан болып еді. Көпке созылған жоқ. Ол жылдары неден жазықты болғанын білмейміз... тығырықтан тез шықты. Әлде оны тәубесіне түсіру үшін Президент аппараты сондай «ішкі жазалауды» қолға алғаны жөн бе? Ақыл айтатын біз емес, елдің Үкіметке, билікке сенімін шайқап, тіпті нешетүрлі алыпқашпа әңгімеге арқау болған Жер кодексінің жазасын тек Досаев емес, Мәсімов те арқалауы керек.

Бір білеріміз, Мәсімов отставкаға кетпейді. Ондай құдірет жоқ бізде... Кейбір деректер оны Ресей мен Қытайдың ортақ адамы дейді. Екеуінің де мүддесін осы Мәсімов қорғап отыр. Енді бір ақпарат көздері ол Президент отбасымен ең жақын серіктес, анда деседі. Кім білген?!..

Мәсімов Премьер болғалы бері расымен де кризистен көз ашпадық. Үлескерлер шуы, кредит туралы дау-жанжал, «үш тұғырлы тіл», діни алауыздық, террористік әрекеттердің көрініс беруі, бірнеше дүркін табиғат апаты болды, оған енді жер дауын қосыңыз. Сонда да Мәсімовтың ештеңесі қисайған жоқ. Қанша министр ауысты, ұсталды, қамалды, шетке қашты. Тек Мәсімов мызғыр емес...

Мәсімов те сәл де болса ұят болса, осы жолы тым құрығанда халықтан кешірім сұрар еді. Жоқ, оның ешқашан халық алдында ақтарылғанын көрген емеспіз. Көрмейтін де сияқтымыз. Бәрін мұрты астынан күліп, жасырын жөнге салып келеді.

Осы жолы Президент Назарбаев халықтың шын ықыласына ие болам десе, міндетті түрде Мәсімовты жазасыз қалдырмауға тиіс. Онсыз мына халықтың ашуы тарқауы қиын.

Қашан айтты демеңіз, түптің түбінде Мәсімов бәріне жауап береді. Ол күн туады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар