Батыс Қазақстан облысында қызметтік көлікті мас күйде басқарған ауыл әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралып, оны қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әдеп жөніндегі кеңесте Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс қаралды. Оның жұмыс уақытында қызметтік автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталған.
«Оқиға 12 наурыз күні болған. Әкімді өзі басқаратын Чапаев ауылдық округінің аумағында полиция қызметкерлері тоқтатқан. Осы факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылған», – деді БҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров.
Оның айтуынша, бұл жағдай агенттікке әкімшілік құқық бұзушылықтар базасын мониторингтеу кезінде белгілі болған. Бастапқыда бірінші сатыдағы сот әкімнің пайдасына шешім шығарғанымен, кейін апелляциялық инстанция бұл шешімнің күшін жойған.
Істі қарау қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес Биболат Зинуллинді қызметінен босатуды ұсынды.
Белгілі болғандай, құқық бұзушылық жасалған кезде әкімнің тәртіптік жазасы әлі алынбаған. Бұған дейін оған толық емес қызметтік сәйкестігі туралы ескерту берілген.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Әдеп жөніндегі кеңес Зинуллинге қатысты тағы бір істі қараған. Ол кезде әкімге құрылысы аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударды деген айып тағылған болатын.