Мархабат Байғұт: «Атамбаевтың сөзіне назар аударудың қажеті жоқ»

Dalanews 12 қаз. 2017 04:35 1126

Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың айтқан уәжіне қатысты Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері пікір білдіріп, ойларын ортаға салды. Солардың біразын сайтымыздың оқырмандарының назарына ұсынамыз.

 

Мархабат БАЙҒҰТ,  жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты:

– Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың елдегі президенттік сайлауда қазақ-қырғыз елдерінің тату көршілігіне сызат түсіріп, ағайындық қатынастарға зардабын тигізетін мәлімдеме жасауы ел басшысы үшін өрескел әрекет болды. Дегенмен, дәурені өткен Атамбаевтың сөзіне назар аударудың қажеті жоқ. «Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың спекуляциялық үндеулеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының үкіметі қазақ-қырғыз ынтымақтастығын және стратегиялық серіктестігін белсенді түрде кеңейтіп, нығайтады", – деген Қазақстан Үкіметі басшысының Б.Сағынтаевтың орынды пікірімен құптаймын. Біз қырғыз еліндегі сайлаудың бейбіт жолмен, ың-шыңсыз өткенін қалаймыз. Сайлау қорытындысында жеңген кандидатпен дұрыс қарым-қатынас орнату, алдағы 15-20 жылға стратегиялық көкжиектерімізді айқындау, алдағы тұрған міндет.

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,  Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік және халықаралық «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты:

– Қырғыз елі – Жаратқанның өзі о баста көрші етіп қойған, Қазақстан үшін аса маңызды мемлекеттердің бірі. Қазақта «Киіз сатсаң – көршіңе сат, бір шетінде өзің отырасың» деген мақал бар. Сол себепті көрші елдің ұтылып, ыдырауынан, бүлінуінен бізге ешқандай пайда жоқ. Егер Қырғызстанда Ауғанстандағыдай ахуал қалыптасса, оның зарар-зардабы бізді де шарпитыны белгілі. Ендеше, қырғыз еліндегі сайлаудың бейбіт жолмен, төңкеріссіз, айқай-шусыз өткенін тілейік. Жасыратыны жоқ, қазақ элитасы қырғыз ағайындарға жоғарыдан қарап, қайсыбір жылдардағы елдегі саяси ахуалды "ақымақтау, дарақылау бауырларымыздың тірлігі» деп айыптауымыз, даттауымыз қырғыздың қазаққа деген көзқарасын жақсартқан жоқ. Сол себепті қазақ элитасы өзінің менмендігінен арылып, бауырлас халыққа деген стратегиялық көзқарастарды өн бойына дарытуы тиіс.

 

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Екі елдің бір-біріне деген пейілі ақ. Өкінішке қарай, Алмазбек Атамбаев өзінің президенттік дәрежесіне жараспайтын, ағат мәлімдеме жасады. Президенттік институттың халықаралық қатынастар саласындағы басты функциясы негізінен ынтымақтастық, серіктестікті нығайту, екі ел арасындағы достыққа дәнекер болу секілді жайттардан тұрады. Әсіресе, өз қызметінен кеткенде басшы өзінен кейінгі ел басқаратын тұлғалар үшін жақсы жағдай жасап кетуі керек, екі көршілес мемлекеттің достық бағытынан ажырамауына септесуі керек. Ал, Атамбаевтың әрекеті бұған қарама-қайшы болып отыр. Дегенмен, бұл мәлімдеменің шындыққа сәйкес келмейтінін екі елдің халқы да біліп отыр. Халықаралық қауымдастық та Қазақстанның жеткен жетістіктерін мойындайды. Биыл 1 желтоқсаннан бастап Қырғызстанды басқа адам басқарады. Және де қазақ-қырғыз қарым-қатынасы ретке келеді деп ойлаймын.

 

Әбілқасым ДОСБОЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

– Сайлауда өз кандидатының жеңіліп қалуы мүмкін екенін сезген Атамбаев ең көргенсіз әрекеттерге бара бастады. Көрші мемлекеттің ішкі ісіне араласып, тұтас ел мен оның басшысына негізсіз айып тағып, қара күйе жағу әрекеті дипломатияда жол беруге болмайтын көргенсіздік. Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын бүкіл дүниежүзі көріп, біліп отыр. Сондықтан Атамбаевтың зейнетақы мен тарифтерге қатысты айтқандары шындыққа сәйкес келмейді. Дегенмен, бұл мәлімдемеге қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми түрде лайықты жауап берді. Олай болса, бір саясаткердің жаңсақ пікірі үшін бүкіл қырғыз халқын айыптауға болмайды. Екі ел арасындағы достық пен экономикалық ынтымақтастықты сақтап қалуға тиіспіз.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар