Марқұм Мадинаға қатысты бірқатар ақпарат пен екеуара хат алмасуды әлеуметтік желіде жариялаған Зейнептің біраз уақыт желіде көрінбей кетуіне қатысты мән-жай белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, Зейнептің ұялы телефонын Меркі аудандық полициясы тергеу аясында уақытша алған. Осыған байланысты оның телефоны өшіп, өзі әлеуметтік желіде белсенді болмаған.
Журналист Зейнептің жағдайын білу үшін оның анасымен байланысқанын айтты. Белгілі болғандай, қыздың жағдайы жақсы, ол аман-есен.
Полицияның ресми өкілі телефонның бүгін иесіне қайтарылуы тиіс екенін жеткізген.
Руслан Өтепбай марқұм Мадина мен Зейнеп арасындағы хат алмасулар тергеу барысында зерттеліп, қажет болған жағдайда іс бойынша маңызды дәлел ретінде тіркелетініне үміт білдірді.
Сондай-ақ ол тергеу кезінде барлық дерек назарға алынып, істің жан-жақты әрі объективті қаралуы маңызды екенін атап өтті.