Меркіде көз жұмған 19 жастағы Мадинаның өліміне қатысты қоғамдағы талқылау әлі де жалғасып жатыр. Бұл жолы әлеуметтік желі қолданушылары марқұмның қайын сіңлісіне қатысты түрлі мәлімет тарата бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист Жан Ахмадиев Мадинаның анасымен бірге марқұмның қайын жұртына барып, оның жеке заттары мен киімдерін алмақ болған. Алайда сол жерде тараптар арасында сөзге келу болғаны айтылады.
Желіде тараған видеода марқұмның қайын сіңлісі заттарды алып кетуге қатысты дауыс көтеріп, «затты әкетіңдер» дегені естіледі. Сондай-ақ «қалың мал бергенбіз» деген сөз де айтылған. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды.
Осыдан кейін журналист Руслан Өтепбайға Мадинаны бұрыннан танығанын айтқан әйелден хат келген. Хат авторының сөзінше, ол былтыр наурыз айында Мадинамен гинекология бөлімінде бір палатада жатқан.
«Сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? Мына барни үшін қайтыс болған қызбен былтыр наурыз айында гинекологияда бір палатада жатқан едік. Ол кезде енді жүкті болған кезі екен, қауіппен жатты. Екеуміз палатада қалғанда жылап, әңгімесін айтып беріп еді. Күйеуім не болса да ұра береді деп. Ата-енесі де жас екен, айтып еді, ұмытып қалдым. 82-84-тегілер ме, сондай.
Бұл қыздың әкесі жоқ екен. Бірақ «елдерге әкем бар деп айтамын, жұмысқа кетті деп айтамын бәріне» деп еді. «Әкем жоқ деп айтқым келмейді» деп. Құдай-ай, жүрегім ауырып, ұйқым қашты. Сол кезде жылап айтып еді: «Ұра береді» деп. «Қайынсіңілім бар, ол да ортаға түсіп, қырылыстырып отырады» деп еді. Өзі еркелеп сөйлейді екен, кішкентай ғой енді, 17-де. Енді міне, ақыры түбіне жетіпті ғой. Сол кезде «бір рет ұрғаннан кейін кетіп қал, қауіпке жеткенше ұрған адаммен тұрудың қажеті жоқ» деп едім. Одан кейін ол қызды көрмедім. Осыны инстадан көріп, шок болып жатырмын. Хиджаппен келген болатын палатаға. Кейін шешкен сияқты ғой. Алла алдынан жарылқасын», – делінген хатта.
Хатта айтылған жайттар әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желіде марқұмның қайын сіңлісіне қатысты тараған өзге де мәліметтердің шынайылығы белгісіз.
Қазіргі таңда Мадинаның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаға байланысты барлық дерек пен куәгерлердің мәлімдемесіне құқық қорғау органдары баға беруі тиіс.