Маңғыстаудағы жол апатында көпбалалы отбасының әкесі қаза тапты

Маңғыстаудағы жол апатында көпбалалы отбасының әкесі қаза тапты
Halyqstan

Маңғыстау облысында болған жол апатынан Атыраудан шыққан көпбалалы отбасының отағасы көз жұмып, әйелі мен төрт баласы түрлі жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға 28 шілдеде Шетпе – Сайөтес тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, көлік аударылған.

Жол апаты салдарынан отағасы оқиға орнында қаза тапқан. Ал оның жұбайы мен төрт баласы жарақат алған.

Ең ауыр жарақатты 15 жастағы қыз алған. Ол санитарлық авиация арқылы аса ауыр жағдайда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Сондай-ақ 13 жастағы жасөспірімнің де жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның бүйрегі соғылып, ауқымды гематома алғанын анықтаған.

Жеті жастағы баланы да ауруханаға жатқызу ұсынылған. Алайда анасы күйеуінің жерлеу рәсіміне қатысу үшін шұғыл түрде Атырауға баруы қажет екенін айтып, емдеуден жазбаша түрде бас тартқан. Дәрігерлер оған мұндай шешімнің салдары болуы мүмкін екенін ескерткен.

Ал бес жастағы баланың жағдайы тұрақты болғандықтан, ол анасымен бірге ауруханадан шығарылған.