Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді
Фото: egemen.kz

Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері мен оларға байланысты қасиетті нысандар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, аталған номинацияны әзірлеу және халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Президент сол кезде Маңғыстаудың бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасын сақтап, әлемдік деңгейде насихаттауды, сондай-ақ өңірдегі жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған еді.

ЮНЕСКО тізіміне енген сериялық нысанға бес қасиетті кешен кірді. Олар – Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата.

Бүкіләлемдік мұра комитеті бұл нысанды ЮНЕСКО-ның (ii) және (iii) критерийлері бойынша мойындап, оны сопылық дәстүр мен көшпелі халықтардың мәдениеті ғасырлар бойы өзара ықпалдасуының нәтижесінде қалыптасқан бірегей рухани-мәдени ландшафт ретінде бағалады.

Әрбір кешеннің құрамына жерасты мешіттерімен қатар тарихи қорымдар, әулие саналған сопы ұстаздардың кесенелері, зиярат жолдары, қасиетті құдықтар және басқа да діни маңызы бар нысандар кіреді. Бұл орындар бүгінге дейін қажылық және зиярат ету дәстүрі үзілмеген, рухани сабақтастық сақталған маңызды орталықтардың бірі саналады. Сонымен қатар мұнда қасиетті орындардың шырақшылық дәстүрі де жалғасып келеді.

Министрліктің мәліметінше, аталған бес кешеннің барлығы мемлекет қорғауына алынған және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Оларды сақтау мақсатында 2027–2032 жылдарға арналған кешенді басқару жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта тарихи нысандарды консервациялау, қасиетті ландшафтты қорғау, туристік ағынды тиімді реттеу, ықтимал қауіптердің алдын алу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.