Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бес баланың әкесі, 52 жастағы аңшы Аслан Қыдырбаевтың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сотталған тұлғаларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қандай баптары қолданылғанын хабарлады, деп dalanews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, алқабилер алқасының үкімімен істің негізгі фигуранты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі – "Адам өлтіру" және 337-бабы 3-бөлігі – "Заңсыз аңшылық" бойынша кінәлі деп танылды.
Оған түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзімге аңшылықпен айналысу құқығынан айырылды.
Екінші фигурант ҚР ҚК-нің 337-бабы 3-бөлігі – "Заңсыз аңшылық" және 432-бабы – "Қылмысты жасыру" бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 5 жылға аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Үшінші фигурант та ҚР ҚК-нің 337-бабы 3-бөлігі және 432-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған да 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы беріліп, 5 жыл мерзімге аңшылықпен айналысуға тыйым салынды.
Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу жөніндегі азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Ал материалдық залалды өтеу туралы талап толық көлемде қанағаттандырылды.
Бұған дейін алқабилер шығарған үкім марқұмның туыстарының наразылығын тудырған еді. Олар іс бойынша бір фигуранттың 8 жылға сотталып, тағы екі адамның сот залынан босатылғанымен келіспейтіндерін мәлімдеген.