Маңғыстау облысында жол жөндеу кезінде 2,7 млрд теңге артық есептелген

Маңғыстау облысында жол жөндеу кезінде 2,7 млрд теңге артық есептелген
ЖИ: Dalanews.kz

Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолын күрделі жөндеу жобасында сметалық құжаттардан артық есептелген шығындар анықталды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, жол жобаларын зерделеу барысында аталған автожолды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамада кейбір құрылыс материалдары мен жұмыс түрлерінің бағасы дұрыс көрсетілмегені белгілі болған.

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде жоба құны қайта есептеліп, оның жалпы құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша, прокурорлардың араласуы бюджет қаражатының 2,7 млрд теңгесін негізсіз жұмсаудың алдын алуға мүмкіндік берген.

Ведомство жол саласында бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Жөнделіп жатқан жол учаскесінің жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізіп жатыр.

Компанияның мәліметінше, биыл жолға асфальт-бетон жабынының екі қабаты төселіп, көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар уақытша жол белгілері орнатылып, уақытша жолақтар сызылған. Ал ұсақ түйіршікті асфальт-бетоннан тұратын үшінші қабатты төсеу келесі жылдың жаз мезгіліне жоспарланған.

Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.