"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ өкілдері компанияға 32 миллиард теңгеден астам айыппұл салынуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Маңғыстаумұнайгаз” АҚ Бас прокуратураның компанияға 32 миллиард теңгеден астам айыппұл салғанымен келіспейтінін жеткізді.
“Маңғыстаумұнайгаз” АҚ қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік заңнамасын мүлтіксіз сақтайтын әлеуметтік жауапты кәсіпорын. Бүгінде "Маңғыстаумұнайгаз” АҚ ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі мен 6-бөлігі бойынша 31 млрд. теңге көлеміндегі әкімшілік (экологиялық) айыппұлға қатысты Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2024 жылдың 4 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау және оның күшін жою туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұсынысын енгізу туралы өтінішхат әзірлеп жатыр", делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта "Маңғыстаумұнайгаз” мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың нормадан тыс эмиссия фактісі бойынша Маңғыстау облыстық сотына бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 11 желтоқсандағы 1,2 млрд.теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы қаулысына апелляциялық шағым түсіргенін хабарлады. Қарау күні белгіленбеген.
Соттың 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы заңды күшіне енбеген.
Еске салайық, күні кеше Бас прокуратура «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на 32 млрд айыппұл салынғанын хабарлаған еді.
Маңғыстау облысының прокуратурасы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қызметінде ағынды суларды жер қойнауына жіберу, сондай-ақ тиісті шектеу орнатпай бұрғылау қалдықтарын жинақтаумен байланысты өрескел заң бұзушылықтар анықтады.
Прокурорлармен қолданылған шаралардың нәтижесінде, соттың 4 желтоқсандағы қаулысымен компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 31 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Сондай-ақ, мұнай жылыту пештерінен қоршаған ортаға ластаушы заттардың шамадан тыс шығарылу фактісі де анықталды.
Аталған факт бойынша 11 желтоқсанда компания қосымша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 1,2 млрд. теңге айыппұл салынды.