Маңғыстаудағы құрғақшылық: Министрлік халыққа үн қатты  

Dalanews 12 там. 2021 07:13 1029

Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау өңіріндегі құрғақшылыққа байланысты халыққа үндеу жасады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Құрметті қазақстандықтар! Ауа райының қолайсыздығы мен оның салдары оңай болмай тұр. 

Қазақстанның көптеген өңірлеріндегі ерекше ыстық ауа райы құрғақшылыққа әкеп соқты. 

Жауын-шашынның аздығынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен аймаққа қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. 

Бүкіл ел бойынша еріктілер де қомақты үлес қосуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері қолайсыз табиғи құбылыстардан зардап шеккен тұрғындар мен фермерлерге көмек ретінде, өздерінің біркүндік жалақыларын Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылған арнайы шотқа жібереді.


Осыған орай, министрлік барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарын қиын жағдайға тап болған отандастарымызды қолдауға және қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырады”, – деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта. 

Ведомствоның ресми сайтында ақша аударуға арналған реквизиттер көрсетілген.



Бұған дейін жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қызылорда мен Маңғыстау өңіріндегі құрғақшылықтың зардабына тоқталған еді. 

Министр биылғы жазда жауын-шашын аз болары күтілгенін, мұны біле тұра дайындық жұмыстары жүргізілмегенін айтқан. Бұрынғы басшылық қуаңшылыққа ерте бастан қамданбаған. 

“Бізге ауа райының құбылуына төтеп беретін жүйелі шаралар қабылдау керек.

Біріншіден, егін алқаптарын әртараптандыруды жедел жүргізу қажет. Бұл үшін шаруалар ауыспалы егіс ережесін мұқият сақтауы керек. 

Екінші кезекте: жем-шөптен тапшылық көрмеу үшін суармалы жердің көлемін көбейту керек. Соның аясында жем-жем дақылдарын өсіретін тұқым шаруашылығын жолға қойған жөн. 


Үшіншіден, жайылым жерлердің өнімділігін арттыруға жол ашатын ғылыми жобаларды қолдау қажет. Жайылым жердің аумағын ұлғайту мәселе емес, мәселе - оларды суаруға тіреліп тұр. Министрлік бұл проблеманы шешуге бар күшін жұмсайды”, – деген еді Қарашөкеев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар