Маңғыстау Қазақстандағы теңізге шығатын жалғыз қақпа: Ақтау және Құрық порттары Арнайы экономикалық аймаққа енген

Dalanews 12 мау. 2023 14:28 801

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таспырмасына сәйкес, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында, 2023 жылдың жылдың ақпан айынан бастап Ақтау теңіз сауда порты және оған жататын «Баутино» жүк ауданы, «Құрық портының аумақтары «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына енгізілген.

Оның аясында, порттардың инфрақұрылымын дамыту шараларымен қатар, экономикалық аймақта 2025 жылдың соңына дейін контейнерлік хаб құру көзделген, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Порттардың экономикалық аймаққа қосылуы өңірге елеулі әлеуметтік-экономикалық әсер етеді және облысқа инвестициялар тарту үшін қолайлы алаңға айналдырып қана қоймай, ірі халықаралық көлік дәліздерінің бірі болуына үлес қосады.

Сонымен қатар, порттарға әлемнің үздік логистикалық компанияларымен жұмыс істеуге жол ашады.

Ақтау теңіз порты - Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында бірнеше халықаралық көлік дәліздерінің қиылысу нүктесінде орналасқан порт. Құрғақ жүктер, мұнай және шикі мұнай өнімдерін шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке, сондай-ақ, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан, Ресей елдеріне жүк тасымалдайтын айлақ.

Ақтау портында жылдық қуаты 12 миллион тонналық 6 мұнай айлағы жұмыс істейді. Ақтау портының тасымалдау үлесі Каспий теңізіндегі жалпы тасымал көлемінің 40%-ын құрайды. Қазіргі таңда Қазақтан Ақтау порты арқылы халықаралық көлік дәліздерінің түйініне айналған.

-«Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ-ның «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамына қосылуы ҚР индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі Көлік комитетінің, Маңғыстау облысының әкімдігі және Ақтау портының бөлімшелері қолдап, бірігіп іске асырған бірқатар бастамалар мен іс-шараларының қисынды қорытындысы болды.

Сонымен қатар, АЭА аумағының құрамына Ақтау портының оқшауланған бөлімшесі-Ақтау қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан «Баутино» жүк ауданы енгізілді, - дейді Ақтау теңіз сауда портының басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев.

Құрық портына тоқталатын болсақ, теңіз портында 4 айлақ жұмыс істейді. Оның екеуі темір жол арқылы келген жүктерді паромға тиеуге арналса, қалған екеуінен көліктер түсіріледі. Порттың қызметін дамтып, жүк тасымалын одан әрі арттыру үшін тағы бір айлақ салу жұмыстары жүргізілуде. Ол арқылы салмағы ауыр жүктер мен контейнерлер тасымалданбақ.

Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап қазақстандық паромдарды қабылдау жоспары бар. Бұл өз кезегінде Ресей және Иранның екі портымен жаңа маршруттардың ашылуына түрткі болмақ.

Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Құрық портында жүк тасымалы артқан. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері мұнда 550 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп.

-Құрық порты арқылы Бакуге мұнай, металл, химиялық өнімдер экспортталып жатыр. Кейбір жүктер Қара теңізбен әрі қарай Еуропаға жол тартады. Сонымен қатар, Италия, Ресей мен Беларусияның өнімдері біздің еліміздің өзге аймақтарына тасымалданады, - дейді Құрық портының директоры Серік Ахметов.

Қорытындылай келе, «Ақтау теңіз порты» АЭА аясында берілетін артықшылықтар порттарды қаржыландыруға бағытталатын болады,
Олардың қатарында Ақтау портының базасында контейнерлік хаб салу және порттарды заманауи қайта тиеу техникасымен толық жарақтандыру жобасы бар. Сондай-ақ, берілетін салықтық жеңілдіктерден босаған қаржы порт инфрақұрлымын жаңғыртуға және порттардың одан әрі дамуы үшін инвесторларды тиімді тартуға мүмкіндік береді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар