"Мәңгі жүрегімдесің": Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшінің досы жазба жариялады

"Мәңгі жүрегімдесің": Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшінің досы жазба жариялады
Фото-коллаж: dalanews.kz

Әлеуметтік желіде марқұм әскери қызметші Олжас Мұхтарұлының жақын досы оған арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жазба авторы Олжасты мінезі берік, қайсар, намысшыл әрі еліне адал қызмет еткен азамат ретінде еске алған.

"Темірдей мінезді, ақжарқын, қайсар, намысшыл досым, жаным бауырым. Асқақтаған арманың мен мақсаттарың көп еді. Судан қорқатыныңды біле тұра, неге намысқа беріліп секірдің, досым? Сенің енді арамызда жоқ екеніңе әлі де сенгім келмейді. Неге ерте кеттің, бауырым?", — деп жазды ол.

Марқұмның досының айтуынша, екеуінің бірге жүзеге асырмақ болған жоспарлары аз болмаған. Сондай-ақ олардың арасында айтылмай қалған сөздер мен аяқталмай қалған армандар көп екенін жеткізді.

Ол Олжастың өзі үшін қарапайым дос қана емес, қиындық пен қуанышты бірге бөліскен туған бауырдай жақын адам болғанын атап өтті.

Жазбада марқұмның сегіз жыл білім алып, оқу орнын қызыл дипломмен аяқтағаны және аға лейтенант шенін алғаны да айтылған.

Досының сөзінше, Олжас Мұхтарұлы елге қызмет етуді биік міндет санаған және өз қызметін абыроймен атқарған.

"Сенің елге деген жанашырлығың, ұлтыңды арыңнан биік қоятының барлығына үлгі еді. Еліңе адал қызмет еттің, өз міндетіңді абыроймен атқардың, досым. Сен менің мәңгі жүрегімдесің", — деп жазды досы.

Жазба соңында ол марқұмның жасаған жақсылықтары қабыл болып, жаны жәннаттан орын алуын тіледі.