Боқаев Маңғыстаудағы жұтқа жалғыз Ауылмин емес, тұтас үкімет жауапты деп санайды. Мәмин бастаған министрлер жұрттың жанайқайына тым кеш құлақ түрген. Төрт түлікті баудай түсіп, малға қараған қауымды ботадай боздатқан биылғы жаз жаңбырға сараң боларын күні бұрын болжауға болар еді. Іс насырға шапқан шақта алашапқын болу Мәмин үкіметінің үйреншікті әдеті.
Сөй деген Санжар Боқаев қуаңшылық хронологиясын ой елегінен өткізген екен.
- 20 мамыр. 2021 жыл. Әлемжеліде жаппай қырылған жылқылардың суреті жарияланып, жем-шөптен тарыққан малшы қауым дабыл қаға бастады.
- 2 маусым. 2021 жыл. Қуаңшылық, жем-шөп тапшылығы жайлы барлық БАҚ жарыса жазды, тіпті “Хабарға” дейін арнайы сюжет әзірледі.
- 17 маусым. 2021 жыл. Сапархан Омаров аштықтан бұратылып, арам қатқан малдың мәселесін аудандық әкімдіктерге аудара салды. Жеңіл құтылдым деп ойлаған маңғаз министрдің жауапсыз әрекеті жұтқа ұласты.
- 1-8 шілде. 2021 жыл. Үкіметтен қайыр болмасына көзі жеткен Құрмет бастаған белсенділер өз күштерімен жылу жинауға кірісті.
- 15 шілде. 2021 жыл. Белсенділердің ісіне әкімдіктегі шолақ белсенділер килігіп, оған ҚТЖ-дағы бюрократ басшылар қосамжарланып бастаған істің берекесін кетірді. Темір жол компаниясы вагондарды бұлдап, мехнатпен жиналған мал азығын тегін тасымайтынын айтты. Әкімдіктегі бірен-саран белсенді ел ықыласына бөленген еріктілерді көре алмай, олардың еңбегін өз атына телуге тырысты.
21 шілде. 2021 жыл. Жұрт үкіметтен күдер үзіп, еріктілер жөнелткен шөпті таласа-тармаса бөліп алған шақта, “елім-айлап” Мәмин де жетті. Үкімет басшысы аймақ басшысына қуаңшылықтан қалжыраған шаруаларға қол ұшын созуды бұйырды.
“Тиісінше, – дейді Санжар Боқаев. Мәмин 60 күнге кешігіп қалды. 60 күн бұрын қам жасаудың орнына, қуаңшылық масштабы күллі елге тарап, аласапыран орнаған шақта әрең қозғалды. Қазіргі үкіметтің едел-жедел шешім қабылдайтын, ширақ қимылдайтын қабілеті жоқ. Мәмин бастаған министрлер хаос жасаудың хас шебері. Істі насырға шаптыру бұлардың сүйікті ісі.
Үкімет күні бұрын қозғалып, қуаңшылықпен ілесе келген жұттың алдын-алуға қам жасаса, мыңдаған бас мал қырылып қалмас еді”.
Кәсіпкер мынадай үкіметпен бұдан да қиын заман орнаса, мал тұрмақ, адамдардың өзі тентіреп кетеді деп болжайды. Ол кезде де қолынан қайран келмейтін үкімет, бүгінгідей қол қусырып отырады.
“Мал қырғыны ештеңе емес, үкіметтің кәсіпсіздігі мен біліксіздігі кесірінен ертеңгі күні елдегі мыңдаған азамат сорлап қалуы мүмкін. Ал Мәмин бастаған министрлерге көп оқуға кеңес беремін. Сіздерге ел басқару, жедел шешім қабылдау секілді тақырыптарды терең меңгеру керек.
Аумалы-төкпелі заман орнағанда жедел шешім қабылдау елді үлкен апаттан аман алып қалады”, – дейді Боқаев.
…
Кәсіпкер үкіметтің жұмысын сүзгіден өткізіп, оған “екі” деген баға қойыпты. Досым Сәтпаев, Гүлмира Илеуова, Расұл Рысмамбетов секілді сарапшылармен бас қосып, “Қазақтан үкіметінің күнделігі” деген жобаны қолға алған кәсіпкер Мәмин бастаған шенділердің функционалдық міндетін 5 баллдық жүйемен бағалаған.
“Бұл тәсіл үкіметтің қызметіне жан-жақты баға алуға, сонымен бірге Премьер-Министрге және үкіметтің әрбір мүшесіне қоғамнын атынан “мұндай жұмыс түкке тұрмайды!» - деген басты жолдауды жеткізуге мүмкіндік берді.
Менің ойымша, үнемі “2” алып тұратындар елді және экономикамызды басқармауы керек. Олардын жұмысынан түк шықпайтыны белгілі. Біз бұл “двоечниктермен” жұмысты тоқтатапауымыз керек. Бұл үкіметтің "ата-аналары" Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев болғандықтан, күнделікті осы кісілерге жіберемін”, – дейді ол.
…
Кәсіпкердің Мәмин үкіметіне шүйлігіп жүргеніне бірақ уақыт болды. Айталық, осының алдында Боқаев үкіметтегі министрліктер саны шектен тыс екенін айтқан.
“Министрліктердің санын өсіріп, үкіметімізден қайтадан «бегемот» жасап жатырмыз.
Мысалы, планетаның ең ірі экономикасы болып табылатын АҚШ-та 15 министрлік болса, Ресей Федерациясында - 17 министрлік, Швейцарияда 7 министрлік бар екен. Бірақ Қазақстанда олардан да көп - 18 министрлік. Мүмкін біздің экономикамыздын көлемі АҚШ пен Ресейге қарағанда үлкендеу және құрылымдық жағынан күрделі шығар.
Мұншама мемаппаратты асырауға міндеттіміз бе?! Бұлардан не қайыр, не үміт? Қолынан түк келмейтін министрліктер, комитеттер мен ведомстволардың есігіне құлып салу керек.
Тоқаев айтқан цифрландыру қайда қалды? Толығымен цифрланған болсақ, мұншама министрліктің қандай қажеті бар? Цифрландыру шенеуніктердің санын, бюрократияның көзін жою дегенді білдіреді”, – деген еді Боқаев.
...
Айта кетелік премьер Мәминнің Маңғыстау әкімі Трұмовқа берген тапсырмасы аясында, облыста шаруаларды қолдау үшін мал азығын тұрақтандыру қоры құрылатын болды. Үкімет оған арнайы қаржы бөледі. Қазір қуаңшылықтан қатты зардап шеккен Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандары жем-шөппен бірінші кезекте қамтылып жатыр.
Облыс басшылығының мәлімдеуінше, бұл аудандарға шөп көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан жеткізіліп жатыр. Осыған дейін 1200 тоннадан астам арпа әкелініп фермерлерге нарықтан төмен бағамен сатылған. Дегенмен өңірдегі мал басын түгендеу әлі бітпей жатыр.
Әзірге облыстағы малдың аналық басының азығына кететін шығынды ішінара өтеуге үкіметтен 1 миллиард 900 миллион теңге бөлінген.
Оған қоса үкімет қосымша қаржы қарастыратын болды. Ол өңірде мал азығының тұрақтандыру қорын құруға жұмсалады. шаруалар тұрақтандыру қорынан 115 мың тонна шөп пен 56 мың тонна жемді арзан бағамен сатып алуға тиіс.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ