Маркетингтік креативті стратегияға жауапты топтардың ішкі жиналыстарында Майкл Джексонға бір көше беру идеясы қолдау тауып келеді. Және ол экспаттық, технологиялық жаңа қала – Алатау Ситиге жарасымды болады деген ойлар айтылуда. Көше іскер орталықта болмаса да, шығармашылық аурасы басымдау ауданнан орын тебуі ықтимал.
Сөзсіз, Майкл Джексон атындағы көше бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып, Алатауға жақсы экспаттық имидж қалыптастыра алады. Онымен қатар, сол көшеде Майклдың айдағы жүрісін бейнелейтін креативті экспонаты тұруы қажет екені айтылды.
Жалпы, өзіндегі қай көшені қалай атайтынын Алатау қаласының өзі шеше алады. Қаланың толық дербес статусы бар, жеке конституциялық заңы бар. Жақында Алатау қаласының кеңесіне арнайы салық режимін және инвестициялық қолдау шараларын бекіту өкілеттігі беріледі. Бұл инновациялық салаларды дамыту үшін маңызды. Тіпті 3 мың метрге дейінгі биіктіктегі әуе кеңістігін пайдалануды Алатауды басқаратын кеңес өзі реттеп отырмақ.
«Алатау бүкіл әлемге есігін ашатын, халықаралық қала болатындықтан оның көшелеріне әлемді өзгерткен, адамзат тарихын басқа бағытқа бұра алған кесек тұлғалардың есімін беру орынды. Мұнда біз тек ішкі тарихымызға қадалып қалмау керекпіз. Шығармашылық бағытын алсақ Майкл Джексонның фактурасы әрине келіп тұр. Онымен бірге Ли Куан Ю, Илон Маск сынды тұлғаларға да көше атауын беруге болады. Дәл осы қалаға келгенде біз тар, қасаң принциппен шектеліп қалмауымыз керек», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Майкл Джексон - XX ғасыр феномені. Оны бекерден поп музыканың королі деп атамайды. Ол жалғыз өзі әлемдегі музыка, шоу-бизнес, клип индустриясы, сахналық пластика және жаһандық поп-мәдениет стандартын өзгерткен адам. Оның Thriller альбомы әлі күнге дейін әлемдік музыка тарихындағы ең қуатты коммерциялық жинақтың бірі саналады. Бұл альбомнан шыққан Billie Jean, Beat It, Thriller сынды әндер тек хит емес, бірнеше буынның ортақ мәдени коды болды.
Егер Алатау City расымен Майкл Джексон атындағы көше идеясын қарастырса, “біз тек тұрғын үй салмаймыз, біз жаңа мәдени кеңістік құрамыз” деген ишара арқылы, халықаралық қауымдастыққа түсінікті өзінің жеке космополиттік стилін қалыптастыра алады.
DALA INSIDE бұл идеяның қаншалықты жүзеге асырылу мүмкіндігін мониторингте ұстап отырады.