Мәдениет министрлігі мемлекеттік саясат туралы мелодрамаларға қаржы бөлмек

Көркем Алдабергенова 19 қаң. 2026 14:21

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына арналған қысқамерзімді гранттар байқауын жариялады. Алайда байқауда қарастырылған жобалардың қаржыландыру көлемі ашық көрсетілмеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы құқық қорғаушы Диана Окремова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, конкурс аясында журналдар, интернет-басылымдар, газеттер, телеарналар мен радиоларға арналған тақырыптық бағыттар өте егжей-тегжейлі сипатталған.

Атап айтқанда, мемлекеттік саясатты түсіндіру, жүргізіліп жатқан реформалар, Президент жолдаулары, түрлі мемлекеттік бастамаларды насихаттау, экономика, «рухани құндылықтар», денсаулық сақтау және өзге де ондаған бағыт қамтылған.

Сонымен қатар өтінім тапсыру талаптары да кеңінен жазылған. Байқау құжаттары тігіліп, беттері нөмірленіп, соңғы беті қол қойылып, мөр басылып, жабық конвертпен тапсырылуы тиіс.

Диана Окремованың сөзінше, бұл талаптар цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ерекше сұрақ тудырады.

«Ақпараттандыру мен ІТ технологиялар дамыған заманда әлі де тігіліп, мөр басылған қағаз талап етілуі түсініксіз», - деп жазды ол.

Алайда байқаудың ең маңызды бөлігі - қаржыландыру көлемі туралы ақпарат мүлде көрсетілмеген.

Құжатта жалпы бюджет те, БАҚ санаттары бойынша бөлінетін қаражат мөлшері айтылмайды. Осыған байланысты контент өндірушілер қандай сомаға өтінім беру керегін өздері болжауға мәжбүр.

«Бір миллион теңге ме, жүз миллион ба, әлде 100 мың теңге жеткілікті ме - белгісіз», - дейді құқық қорғаушы.

Окремованың пікірінше, министрлік бұған дейін уәде еткен ашықтық пен бірыңғай медиа-платформа әзірге іске аспаған.

«Барынша ашықтық болады деген еді. Ал іс жүзінде - тігіліп қойылған парақтар және ақша туралы бір ауыз сөз жоқ», - деп жазды ол.

Сонымен қатар, конкурс талаптарына сәйкес, мемлекеттік ақпараттық саясатты мелодрама жанрында жүзеге асыру ұсынылып отырғандай әсер қалдырады.

Диана Окремова бұл тәсіл іс жүзінде барлық тақырыпқа қолданылатынын атап өтті: әскери қызметшілердің имиджінен бастап құқықтық сананы қалыптастыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және кәсіпкерлікті қолдауға дейін.

«Қазақстандықтардың сүйікті жанры - мелодрама болса керек. Мемлекеттік ақпараттық саясатты дәл осы форматта жүргізу ұсынылған», - деп жазды ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove