LRT құрылысына мемлекетке қайтарылған активтер жұмсала ма? Вице-премьердің жауабы

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 15:48

Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын қаржыландыру үшін мемлекет меншігіне қайтарылған активтер пайдаланылуы мүмкін бе? Бұл сауалға вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжілістегі брифинг барысында жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда мұндай тәсіл қарастырылып жатқан жоқ.

"LRT-ны біз қазір республикалық бюджет есебінен қаржыландырып жатырмыз. Биыл жобаның бірінші кезегін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ашық айтқанда, активтерді осы мақсатта пайдалану туралы әңгіме естіген емеспін. Қазіргі бюджетте LRT құрылысына нақты қаражат көзделген", – деді Жұманғарин.

2024 жылдың мамыр айында жеңіл рельсті көліктің қос жолақты 22,4 шақырымдық желісінің 5,6 шақырымы төселгені белгілі болды. Биылғы жылы №116 және №117 станциялар арасындағы эстакадада алғашқы 500 метр жол салынды. Бұл сынақ кезеңі ауа райының жолдың сапасына әсерін зерттеуге мүмкіндік берді.

Қаңтар айында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT құрылысы 2025 жылдың жазында толық аяқталатынын мәлімдеген еді. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар жеткізіліп, сынақ режиміндегі жүрістер басталмақ. "City Transportation Systems" компаниясы қазірдің өзінде жеңіл рельсті көлік жүйесіне диспетчерлерді оқыту үшін алдын ала іріктеу жүргізіп жатыр.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар жолаушылар үшін жолақы шамамен 100-200 теңге аралығында болады деп хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар