Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істе жаңа деректер бар, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл жөніндегі Антикордың ресми өкілі Данияр Бегайдаров мәлімдеді. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БАҚ-қа бұл жөнінде әзірге ашып айта алмады.
Бегайдаровтың сөзінше, қылмыстық істе алға жылжу бар.
"Белгілі бір ақпарат, белгілі бір қозғалыс бар, бірақ іздеу жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялайтын жаңартылған ақпарат әзірге жоқ. Жаңа ақпарат болғанда, хабарлаймыз", - деді агенттік өкілі брифингте.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Астанадағы LRT құрылысы кезінде қаржы жымқырды деген айыппен сотталғандарды құқық қорғау органдары неге Қазақстанға қайтара алмайтынын түсіндіруге тырысты.
Шенеуніктің мәліметінше, Интерпол «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан мен Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті іздестіріп жатыр.